
Қазақтың демократ ағартушылары ХIХ ғасыр Қазақстанның мəдени өміріндегі ағартушылық ғасыр деп аталады. Осы кезеңдегі қазақ мəдениетінің қасиетті тұлғаларын сөз еткенде олардың ішіндегі ең ірісі, ең өнімдісі де, өзектісі де деп Шоқан, Ыбырай, Абай, Мұхамбет Салық Бабажанов сияқты есімдерді, ел білген, орасан зор ойшылдығымен танылған тамаша тұлғаларды ауызға аламыз. Қазақ халқының ұлы ғалымы Шоқан Уəлиханов (1835-1865) Құсмұрын бекінісінде туған. Шын аты – Мұхамед-Қанапия. 12 жасқа дейін Шоқан Құсмұрындағы жеке меншік мектепте оқып, мұсылман діні ілімімен танысады. Ол мұнда шығыс поэзиясын оқумен айналысты. Сонымен қатар Шоқан сурет салуды үйренді жəне сурет салу оның бұдан кейінгі ғылыми жұмысында көп көмектесті. 1847 жылы Шоқан Омбы кадет корпусына оқуға түсті. Бұл оқу орны Сібірдегі таңдаулы оқу орындарының бірі болды. Кадет корпусында оқушылар əскери біліммен қатар, бірқатар жалпы білім беретін пəндер: география, тарих, орыс жəне батыс əдебиеті, философия негіздері, зоология мен ботаника, математика, геодезия, құрылыс өнері жəне архитектура негіздері бойынша білім алды. Кадет корпусында Шоқан Уəлиханов белгілі ғалым, географ жəне Азияны зерттеуші Г.Н.Потанинмен бірге оқып, достасып кетті. Қоршаған орта, демократиялық ықпал Шоқанның аса үздік қабілеті оның жан-жақты жəне тез жетілуіне игі əсерін тигізді. Ол орыс тілін тамаша меңгерді, оқу бағдарламасын үздік оқып қоймай ғылыммен де айналыса бастады. Шоқанға Омбыда болған болған кезінде орыс зиялыларымен танысуы көп əсер етті. Аса көрнекті орыс жазушысы Ф.М.Достоевскиймен жəне оның досы, революционер-демократ С.Ф.Дуровпен кездесу өшпес əсер етті. Ф.М.Достоевский өзінің хаттарында дос ретінде Шоқанға пайдалы кеңестер беріп, рухын көтеріп, оның алдына аса зор игі міндеттер қояды. 1853 жылы Шоқан кадет корпусын бітіргеннен кейін Сібір казак əскеріне қызметке жіберіледі. Көп ұзамай Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорттың адъютанты болып тағайындалады. Осы қызметте жүріп патша итаршыларының арам пиғылдары мен зұлымдықтарының куəсі болды. Осындай əрекеттерге қарсы аянбай күрескені үшін олардың тарапынан қудалауға ұшырып отырды. 1855 жылы Ш.Уəлиханов Гасфорттың Омбыдан Іле Алатауына дейінгі сапарына қатысады. Бұл сапар қарапайым халықтың өмірін танып-білудің басы болды, олардың тарихи аңыз-əңгімелері мен жырларын жазып алуға мүмкіндік берді. 1856 жылы Болашақтағы Шығыс зерттеушісіəнң өмірінде өшпес із қалдырған айтулы оқиға болды – ол аса көрнекті ғалым, белгілі географ П.П Семенов-Тян- Шанский мен танысып, араласуы оның өмірінен ерекше орын алды. Бұл оның бүкіл ғылыми қызметіне едəуір бағдар беріп, жол сілтеді. Сол жылы Шоқан Уəлиханов екі экспедицияға қатысты – біреуі Орталық Тянь-Шянь арқылы Алакөлден Ыстықкөлге дейінгі; екіншісі дипломатиялық тапсырма бойынша Құлжаға сапар. 1856-57 жылдың қысында ол экспедицияларда жинақтаған этнографиялық материалдарын өңдеумен айналысты. Сондай-ақ ертедегі қазақтар тарихынан қызықты, бұрын беймəлім болып келген деректерді іздеп табу мақсатымен Омбы мұрағатында болды. 1857 жылы Шоқан алатау қырғыздарына тағы да сапар шегеді, онда көшпелі қырғыз халқының өмірімен, тұрмысымен бұрынғыдан да жақсы танысып, оның тарихын, этнографиясын жəне халықтық поэзиясын тереңірек зерттеуге мүмкіндік алды. Осы сапарында ол қырғыз халының энциклопедиялық дастаны “Манасты” зор ынта-ықыласпен жазып алды. Ыстықкөлге экспедиция кезінде Ш.Уəлиханов ғылыми деректермен қатар, көненің көзі ерте заман бұйымдарынның құнды үлгілерін жинады. “Ыстықкөлге барған сапардың күнделігі”, “Қытай империясының Батыс провинциясы жəне Құлжа қаласы”, “Қырғыздар туралы жазбалар” деген аяқталған этнографиялық туындылары жоғарыда аталған сапарлардың нəтижесі болатын. Оның ғылыми қызметі Орыс географиялық қоғамының назарын аударып, 1857 жылдың ақпанында ол қоғамның толық мүшелігіне қабылданады. Ш.Уəлихановтың ғылыми қызметінің жаңа кезеңі 1858 жылғы Қашғарияға сапары болды. Марко Поло мен иезуит Гоестен (1603 ж.) кейін осы бір онша мəлім емес елге тұңғыш рет барған Шоқан “Алтышардың немесе қытайдың Нан-Лу провинциясының (Кіші Бұхараның) шығыстағы алты қаласының жағдайы туралы” деген атақты еңбегін жазды. Еңбекті Ресейде де, одан тыс жерлерде де шығыстанушылар жоғары бағалады жəне көп ұзамай ағылшын тіліне аударылып, басылып шықты. Қашғар саяхаты барысындағы ауыр сапар жəне кездескен қиындықтар оның денсаулығына кері əсерін тигізді, елге қайтып келгеннен кейін ауырып қалды. 1859 жылдың күзінде Шоқан Əскери министрліктің шақыруымен Петербургке сапар шекті. Орыс ғалымдары оны ержүрек саяхатшы жəне Орта Азия мен Қазақстан халықтарының өмірін жақсы білетін білімді адам ретінде қарсы алып, Владимир орденімен марапаттады. Петербургте болған аз уақытында ол орыс зиялылыарымен араласа жүріп, өзінің таланты мен білімін танытты, бірнеше мекемелерде жұмыс істеді. Карталарды құрастыру, энциклопедиялық басылымдарды дайындауға қатысу, шығыс қолжазбаларын зерттеу. Орыс географиялық қоғамында шығыс тарихы жөнінде лекциялар оқу – осының бəрі Шоқанның көп уақытын алды. Петербургте болған кезеңінде Шоқанға оның достар мен таныстары: профессор А.Н.Бекетов, белгілі шығыстанушы, профессор Е.П.Ковалевский, атақты ориенталист ғалымдар В.В.Григорьев, В.П.Васильев жəне В.В.Вельяминов-Зернов зор ықпал жасады. П.П.Семенов-Тян-Шанскиймен, Ф.М.Достоевскиймен достық байланыста болды. Көрнекті орыс жазушылары мен ғалымдары арасында достары көбейді. Астанада неғұрлым ұзақ болуына науқасы кедергі болып, ол 1861 жылы қайтадан елге оралады. Жазды жайлауда өткізіп, осында қарапайым халықпен жақын араласып, аңыздар мен жырлар тыңдап, жазып алады. Осы жерде бұқара халықтың қазақ бай-феодалдары мен отарлаушы өкімет органдарының заңсыз озбырлығынан азап көріп отырғандығының куəсі болады. Омбыға барып, Ш.Уəлиханов даладағы жергілікті басқару ісін қайта ұйымдастыру жөніндегі шараларға тікелей қатысты жəне бірқатар практикалық ескертпелер мен ұсыныстар енгізді. Оның негізгі ойлары өкімет орындарына берілген бірқатар жазбаларында баяндалған, олардың қатарында “Қырдағы мұсылманшылық туралы”, “Сот реформасы туралы жазба”, “Қырғыздардың көші-қоны туралы” т.б. еңбектері бар. 1864 жыдың көктемінде Ол Черняевтың Оңтүстік Қазақстан аумағын Ресейге қосып алуды мақсат еткен əскери жорығына қатысады, тілмаш қызметін атқарады. Алайда орыс əскербасыларының жергілікті қарапайым халыққа көрсетіп отырған қатыгездігіне наразылық білдіріп, кері қайтып кетеді. Ол 1865 жылдың сəуірінде Алтынемел деген жерде Тезек төренің ауылында қайтыс болды. Ш.Уəлихановтың ғылыми мұрасы қазақ халқының құрылуы, ХVII-ХIХ ғасырдың бірінші жартысындағы əлеуметтік жəне саяси тарихы, қазақтардың Ресей бодандығын қабылдауы, Орта Азия мен Түркістан халықтарының рухани жəне материалдық мəдениетінің тарихи проблемаларын қамтиды. Ол бүкіл Орта Азия мен оған іргелес жатқан аймақтар халықтарының географиясын, этнографиясы мен фольлорын зертеуге үлкен үлес қосты. Шоқан Уəлихановтан кейінгі қазақ мəдениетінің тарихында жарқырап ағып өткен жарық жұлдыздай тамаша із қалдырған ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин (1841-1889). Ол Қостанай облысында туған. Атасы Балқожа бидің тəрбиесінде болған Ыбырай 1850 жылы Шекаралық комиссия жанынан қазақ балаларына арнап ашқан мектепке түсіп, алтын медальмен бітіріп шықты. Мектепті бітіргеннен кейін бірер жыл кеңсе қызметкері, тілмаш болып еңбек еткен Ыбырайға облыстық басқарма 1860 жылы Торғайда қазақ балаларына бастауыш мектеп ашуды тапсырады. Бұл мектеп 1864 жылы салтанатты түрде ашылды. 1868 жылы Алтынсарин Торғай уездік басқармасына іс жүргізуші, кейіннен уезд бастығының аға көмекшісі жəне уақытша судья міндеттерін қатар атқарған. Қызмет бабымен халық арасында жиі болып, оның мұң-мұқтажын, басшылардың жүгенсіздігі мен қиянатын өз көзімен көрді. Оларды əшкерелеп шағымдар жазды, халық мүддесін қорғады. 1879 жылы Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалды. Осы кезде ол Ырғыз, Николаев, Торғай жəне Елек уездерінде екі сыныптық орыс-қазақ училищелерін ашып, оқушылар жинап, мұғалімдермен қамтамасыз етті. Алтынсарин қолөнер жəне ауыл шаруашылығы училищелерін ашуға көп күш-жігер жұмсады, байырғы халық арасынан Қазақстанның экономикалық дамуына қажетті мамандар даярлауға ерекше мəн берді. Қазақстанда қыз балаларға білім берудің басталуы да Ы.Алтынсариннің есімімен байланысты. 1888 жылы ол Ырғыз қаласында қазақ қыздарын оқытатын, интернаты бар мектеп ашып, патша əкімшілігінен интернаттары бар қыздар училищелерін ашуға рұқсат алды. 1891 жылы Торғайда, 1893 жылы Қостанайда, 1896 жылы Ақтөбеде осындай оқу орындары ашылды. Сонымен қатар ол орыс-қазақ мектептерінің мұғалімдеріне оқулық-көмекші құрал ретінде орыс педогогтары мен жазушыларының еңбектері мен оқулықтарын ұсынды.Олар: Ушинскийдің, Бунаковтың, Крыловтың т.б.еңбектері. Ы.Алтысарин орыс-қазақ мектептерінің оқушыларына арнап “Қырғыз хрестоматиясы” жəне “ Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық” атты екі оқу құралын жазды. Алтынсарин жан-жақты білімді адам болды. Ол қазақ этнографиясының кейбір мəселелерін зерттеді, қазақ жазба əдебиетін дамытуға елеулі үлес қосты. Асқан ойшыл, сөз зергері Абай Құнанбаев (1845-1904) Семей облысының Шыңғыс тауында тұрған. Абайдың əкесі Құнанбаев Тобықты руының старшыны болды. Алғашында ауыл молдасынан сабақ алған Абайды əкесі Семейдегі имам Ахмет- Риза медресесіне жіберді. Діни оқу жөнді ештеңе бермегенімен, Абай араб, парсы, шағатай тілдерін ықыласпен меңгеріп, шəкірт кезінің өзінде Шығыстың Науаи, Низами, Физули, Сағди, Фирдоуси сияқты т.б. ұлы ақындардың туындыларымен танысты. Қосымша орыс мектебінде білім алды. Əкесі Құнанбай оны ел билеу ісіне ертерек араластыру үшін оқудан ерте босатып алды. Осы тұста Абай əлеуметтік теңсіздік пен əділетсіздікті өз көзімен көріп, жүрегімен танып, білді. Абайдың əділдік, шындық үшін еңбекші халықтың мүддесін қорғап жасаған əрекеттері елдегі ұлық-басшыларға ұнамады. Дүниетанымы қалыптасып, рухани толысқан Абай он-жиырма жыл ішінде халықтың поэтикалық шығармашылығын, шығыс ақындары мен орыстың классикалық əдебиетін терең зерделейді. 1886 жылы ол алғаш рет өз атын қойып “Жаз” деген өлеңін жазды. Абай қаламынан өлеңдермен қатар, қара сөзбен жазылған ғибраттар, “Ескендір”, “Масғұт”, “Əзім əңгімесі” дастандары дүниеге келді. Абайдың əдеби мұрасында аудармалары да елеулі орын алады. Абай өз шығармаларында қоғам өмірінің аса маңызды мəселерін көтерді. Оған дəуір тынысын терең сезіну тəн болды. “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым”, “Сегіз аяқ” сияқты шығармаларында халық өмірінің қайғы-қасіретін бар жанымен түсінген адамның сезім күйзелісі шебер бейнеленген. Ақын қоғамдық қайшылықтар негізінде ауыр тұрмысқа душар болған халықтың аянышты өмірін жан-жақты терең көре де, көрсете де білді. Старшындар мен билердің іс-əрекеттеріне деген көзқарасынан Абайдың демократиялық бағыт ұстанғаны көрінеді. Халықтың қараңғылығын, надандығы мен жасқаншақтығын пайдаланып, билер барынша пайда табуға тырысты. Олардың қабылдаған шешімдері патша отаршыларының мүддесін қорғады. Осы əрекеттерді ақын шебер сынға алды. Абай заманындағы қоғамның қайшылықтары оның дінбасыларына деген көзқарасынан көрінді. Абай дінді мойындай отырып, Оның Қазақстандағы қызметшілері – тағайындалған молдалардың əділет пен ар-намыстан алыс адам екенін өз көзімен көрді. Билер сияқты, олардың да көпшілігі атақ-мансапты сатып алып, баюды ғана көздеді. Ескіліктің қалдығына, тоғышарлыққа, тоңмойындыққа қарсы тұрып, Абай жаңалықтың, жақсылықтың жаршысы бола білді. Абай өлеңдерінің көпшілігі жастарға, өсіп келе жатқан жас буынға арналады.”Көкірегі сезімді, тілі орамды” жастарға ақын жарқын үміт артумен бірге оларға жақсы ой салып, жарасты істерге бастауды өз міндеті санады. Жас ұрпақты еңбекке тəрбиелеу, ғылым мен білімге тарту, алға қойған мақсатқа қалай да жетуге баулу – Абай шығармаларының негізгі идеялық арқауы болды. Ағарту – оқу, білім тақырыбы Абай поэзиясында аса зор əлеуметтік сипатқа ие болды. Ол халыққа білім беруді жолға қою арқылы ғана қоғамдық өмірдің кемшіліктерін түзету мүмкін деп есептеді. Алайда ақынның бұл мақсат-мүдделері барған сайын əлсірей берді. Өйткені сол кездегі қоғамдық өмір жағдайында Абай көтерген озық идеялардың тоғышарлық пен надандықтың көлеңкесінде қала беруі, ақынның көңілінде өкініш пен күдік тудырды. Еңбекші халықтың өмірін жақсартудың жолдарын Абай қоғамның экономикалық негізін өзгертуде деп білді. Қазақтардың прогресшіл дамуын Абай егіншілікті, қолөнер мен сауданы дамытумен тығыз байланыстырды. Абайдың табиғат лирикасын, жылдың төрт мезгіліне арналған өлеңдерін – көркемдік қуаты жағынан қайталанбас құбылыс деуге болады. Туған ел табиғатының тамаша көріністерін ақын əлеуметтік, қоғамдық өмірмен ұтымды ұштастырып, шебер байланыстырумен бірге ол табиғат, қоғам, адамды өзара ажырамас бірлікте суреттейді. Абай 1886 жылдан бастап орыстың белгілі ақын-жазушылары Крылов, Пушкин, Лермонтовтардың шығармаларын қазақ тіліне аударды. Абай шығармалары кезінде ел арасында ауызша, жазбаша түрде тарап, біреуден біреу тыңдап, жаттап алып алыстағы ауылдарға ауызекі жетіп жатты. Абай сонымен қатар белгілі композитор, халық музыкасының шебер білгірі болды. Ол қазақ музыкасының алтын қорына енген біраз лирикалық əндердің авторы болған. Х1Х ғасырдағы белгілі тұлғалардың бірі Мұхамбет Салық Бабажанов. Ішкі Орданың ханы Жəңгірдің қайын атасы Қарауылдың отбасында 1832 жылы дүниеге келген. 1841 жылы ордадағы мектепке түсіп, оны бітіргеннен кейін Орынбордағы Неплюев атындағы кадет корпусына оқуға барды. Үлгілі үлгерімі, зеректігі, тəртіптілігі үшін оқу бітірмей жатып унтер-офицер шенін алды. Ол қоғамтану сабақтарын жақсы игерді. Шығыстанушы В.В.Григорьев, П.И.Небольсин сияқты орыстың озық ойлы адамдарымен, Шоқан, Жəңгірдің ұлы Ғұбайдолламен жақын дос, жолдас болған. Кадет корпусын бітірген соң бірер жыл Шекаралық комиссияда қызмет жасап, кейіннен азаматтық істермен айналыса бастады. Туған өлкенің мəдениетін, тарихын, əдет-ғұрпын, салт –санасын зерттеуді өзіне мақсат етті. Орыс география қоғамына тұрмыстық заттардың экспонаттарын, тарихи ескерткіштерді, қазақтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты деректерді жеткізіп беріп тұрды. Солардың негізінде орталық басылымдарға мақала, очерктер жазды. Оның «Орыс хабаршысы», «Қаракет», «Петербург хабаршысы» т.б. басылымдарда жарық көрген еңбетері жұртшылықтың ыстық ықыласына ие болды. Ол этнографиялық терең мазмұнды мақалалары, очерктері, деректері мен жаңалықтары үшін Орыс география қоғамының күміс медалімен марапатталды. www.TemaKosan.net – Подготовка к ЕНТ, книги, рефераты т.д. Все для студента! Рефераты на русском, казахском, украинском, английском, узбекском! На сайте все бесплатно, скачивание без регистрации, качественные материалы
|