Акция 1. Акция - акционерлiк қоғам шығаратын және акционерлiк қоғамды басқаруға қатысуға, ол бойынша дивиденд және акционерлiк қоғам таратылған жағдайда оның мүлкiнiң бiр бөлiгiн алуға құқықтарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де құқықтарды куәландыратын бағалы қағаз. 2. Акциялар тек атаулы эмиссиялық бағалы қағаздар ретiнде шығарылады. 3. Акциялардың түрлерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi. Акцияларды шығару тәртiбi Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарымен белгiленедi. 4. Акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар өз акциялары бойынша дивидендтер төлеудi жүзеге асырмайды. Акцияларды қалай сатып алуға болады? Акцияларды сатып алу келесі тәсілдер арқылы жүзеге асырылады. Алғашқыда, клиент брокерге өтініш береді. Маман акцияларды сатып алу жолдарын егжей-тегжейлі түсіндіреді. Брокер өз атынан өтінішті биржаға өткізеді. Мәміле сомасына тең көлемдегі ақшалай қаражат клиенттің брокерлік шотынан алынады. Мәміле соңында сатып алынған қағаздар, бағалы қағаздарды сақтау мен тіркеуді жүргізіп, сатып алынған қағаздардың меншік құқығын клиентке қайта тіркеуді жүзеге асыратын депозитарий шотына аударылады. Өтініштер қатарында бірдей баға бойынша түрлі бағыттағы екі немесе одан көп мәмілелер кездессе, немесе ең үздік сатып алу өтінішінің құны жоғары болса, не ең үздік сатылым өтінішінің құнына тең келсе биржадағы мәміле жылдам тіркеледі. Дегенмен, егер кросс кезіксе, мәміле жүйеде бірінші болып шыққан өтініштің құны бойынша тіркеледі.
|