
Жасыл аймақ Сарыарқа төсінде саябақты қала тұрғызу туралы ата-бабамыз өткен ғасырда да армандаған болатын. Жасыл аймақ туралы жылнаманың бірінші парақтары он тоғызыншы ғасырдың аяғында, яғни, астана шағын ғана қалашық, Ақмола болған кезінен жазылған. Дәл сол сәтте қалада алғашқы қала саябағы пайда болып, орман ағаштары отырғызылып, Есілдің айналасында алғашқы жасыл аймақ пайда бола бастады. 1904 жылы алғашқы экологиялық жобаны А.Л. Адамович ұсынған болатын, яғни, ол Ақмоланың шет аймағын жасанды жасыл аймаққа айналдырды. Алдын-ала жасалған теріс болжамдарға қарамастан, Ақмоланың шет жағынан жас шыбықтар бой көтеріп, көп ұзамай-ақ, жайқалып шыға келді. Биолог ағашты сор жерге отырғызуға да болатынын дәлелдеп берді. «Қызыл жар» шағын орманында қарағай, қайың, терек, мойыл, бозқарағандар өсетін. Бұл шара кейін де жалғасын тапты. Біртіндеп, қалашық көшелерінде алғашқы ағаштар отырғызыла бастады. Аймақтың өсімдікті тарихының тағы бір парақтары – Целиноград студенттерінің «жасыл қаласы». Комсомолдар ең үздік іс-шараларды іске асырып, бүкіл бір кварталды құлпыртып жіберді. (Қазіргі «Самал» шағын ауданы). Алайда, кейінірек, кейін анықталғандай, қала жоспарына кішігірім саябақтың енбейтіні анықталды, соған байланысты, ағаштарды кесіп, орнына тұрғын үй ауданы бой көтерді. Қаланың жасыл картасына жаңа астаналық мәртебе де өзгерістерін ала келді. 1997 жылы ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, Ақмола аймағында санитарлы қорғау аймағы құрылды. «Экологиялық дәлізді» құру қызметінің жауапкершілігі орман шаруашылығы мен еліміздің басты, табиғатты қорғау ведомствосына жүктелді. Мамандар барын салды, сынақ учаскелерінде өсімдіктердің ондаған сұрыптары сыналып жатты. Ал жасыл аймақ жобасына көптеген жұмыс күші тартылды. Сәулетшілер мен экологтардың ортақ ойы – елордамыз жасыл желекке орануы тиіс. Бұл бағытта бірінші қадамдар жасалды да. Соңғы бес жылдың ішінде қалада алты бақ, жиырма шақты саябақ пен елорданың әкімшілік орталығында сулы жасыл бульварлар пайда болды. Бүгінде Есілдің жағасында Президент бағының, сонымен қатар, Сарыарқа көшесінен демалыс аймағының құрылысы аяқталып келеді. Сәулет біртумасын құруды қала тұрғызушылармен қатар, «жасыл» сәулеткерлері де қолға алды. Астананы гүлдендіру жұмысына қазіргі заманның дизайнерлері де кірісіп, елорда бақтары мен саябақтарын барынша жайқалтуды уәде етуде. Ақбұлақ өзенінің бойынан француз стиліндегі «Арай» саябақ құрылысы жүргізіледі. Мұнда ағаштар симметриялы орналасатын болады. Ал орталық стадионның алдында түрлі гүлдермен көмкерілген «Олимпиада шары» орнатылады. «Северная корона» тұрғын үй кешенінің жанындағы баққа әр беретін, көп жылдық шырмауық гүлінің өзіндік ерекшелігі бар. Жақында Астананың шағын жасыл аймақтарында елорда халқы үшін бейтаныс ағаштар пайда болады: емен жапырақ тектес магония, куриль шайы, матсудан талы, маньчжур жаңғағы, сүйір жапырақты үйеңкі және басқалары. Әрине, елордалық өсімдіктерге қарағанда, мұндай экзотикалық түрлердің ерекше күтімді қажет ететіні анық. Бұдан кейін, қаланың кез-келген учаскесіне, бақтар мен саябақтарына бақташы топтар бекітіледі. Қала салушылар коммуналды шаруашылықтың алдына нақты жоспар қойды, яғни, жылына он саябақ құрылысы бітуі керек. Ал әрбір жаңа нысанның толығымен бітуі үшін, қазынадан 30-45 миллион теңге бөлінуі тиіс. Елорданың бас жоспарында толық көрсетілген қаланы көгалдандыру тұжырымдамасы жеке «эко-орманы», «эко-дәлізі», «эко-кеңістігі» бар «эко-қаланы» құруды ұсынып отыр. Жасанды шалғындар, сондай-ақ, жасанды көлдер мен айдындар түрлі ағаштармен айнала қоршалатын болады. Бүгінде қалаға шаған, қайың, қарақат, алма ағаштары, үйеңкі, қарағай, емен, тал ерекше көрік беріп тұр. Бәрінен де, Астана бақтары мен саябақтарында тал, үйеңкі, қарағаш және сары акациялар көп. Құстың самғар биігінен қала кілемдей жайқалып жатыр. Экологтар елорданың жасыл «киімі» қалаға тек қана сән беріп қана қоймай, сонымен қатар, табиғи апаттардан да сақтап қалатынын айтады. Жасыл желектер арнайы жолдармен отырғызылып, қатты желге қарсы қорғаныш қалқан құруда. Мұндай әдіс арқылы желдің жылдамдығын 50-80 пайызға дейін азайтуға болады. Одан өзге, қалың жасыл аймақтар жазғы шаң-тозаң мен қысқы дауылдарды да азайтып, жалпы экологиялық жағдайды реттейді. Ғылыми деректерге сүйенер болсақ, жапырақты ағаштар шаң-тозаңның отыз пайызын, ал қылқан жапырақтылар – 42 пайызға дейін ұстап қалуға қабілетті. Ал бір гектар орман 400 келі күкірт қышқыл газын сіңіре алады. Келешекте Астананың айналасындағы су артериялары мен жасыл белдеуін қамтитын экологиялық дәлізді құру жоспарлануда. Масштабты бағдарламаны жүзеге асыруда Ресей, Израиль, Канада мамандары еңбектеніп жатыр. Ең басты жасыл осі Есіл өзенінің бойымен өтіп, күрделі сәулет композициясының басты байланыстырушы нүктесі болып, ішкі белдеуден онымен екі жүйедегі «жасыл дәліздер» келіп байланысатын болады. Мұндай «жанды бағыттар» екі бағытта жүргізілетін болады, біріншісі - Ақбұлақ пен Сарыбұлақ өзендері арқылы болса, екінші бағыт – Майбалық көлінен сол жағалауға дейін созылады. Тағы да бір жасыл жолақты экологтар темір жол периметрі арқылы салуды жоспарлауда. Бұл ось қаланың тұрғын үйлер және өндірістік бөліктерінің арасында шекара іспеттес болмақ. Астананың айналасын жасылдандыру жөніндегі жоба да жүзеге асып жатыр. Қазақстанның жас астанасын қоршаған, бірнеше миллиардқа бағаланған жасыл шеңберді мамандар 2015 жылы аяқтамақ. Орман отырғызу екі кезеңнен тұрады. Сыртқы қатарға жапырақты ағаштар отырғызылса, ішкі жағында қылқан жапырақтылар болады. Соңғы сегіз жылғы жұмыстың қорытындысы – Астана айналасында 25 мың гектар орман отырғызылды. Жалпы 75 мың гектар жерді алатын «Зүбаржат алқаның» жартысы дайын болып тұр. Оның құрамына үйеңкі, тал, шие ағашы мен қайыңдар кіреді. Ерекше «экологиялық белдеу» құру үшін, отыздан аса ағаштың түрі пайдаланылып жатыр. Сар даланы жасыл желекке көмкеру қиынға соғуда, себебі, жасылдандыру мақсатында бөлінген жердің тең жартысы сор топырақ болып тұр. Қазіргі таңда ғалымдар тәжірибе жұмыстарын жүргізіп, топырақ картасын дайындап жатыр. Қаншама зерттеулер жүргізіліп, «жасыл тұжырымдамасы» дәлелденді, яғни, қала маңына орман отырғызуға болады. Негізінен, жергілікті сұрыптардан, жабық тамырлы жүйемен ағаштарды отырғызбақшы. Агрохимияның ескі заңдары артта қалып, жаңа әдістерді белсенді түрде игеруде. Мәселен, құнарсыз қайраңдар ылғалды сіңіретін, бірақ, оны буландырмайтын гидрогелдермен өңделіп,топырақты құнарлындыруда. Шаруашылықтағы екі питомникте бүгінде конвейерлік «жасыл өндіріс» жолға қойылған. Мұнда елордалық бақтар мен саябақтар үшін отырғызылатын материалдарды өсіріп, құнарландырады. Бекітілген тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылы әрбір қала тұрғыны үшін екі ағаштан және жиырма түптен келеді екен. Астанада барлығы алты мың гектар жер игеріледі. Ал бұл – бір жарым миллион ағаш пен он алты миллион түп. Мұндай тамаша ойды жүзеге асыру үшін ондаған жылдардың кететіні анық. Табиғат адам сияқты емес, асықпайды. Ғашықтар бағындағы жас ағаштар біздің ата-әжелеріміз саясында серуендеген ағаштардың деңгейіне жақын күндері жете қоймасы анық. Енді, басты мәселе, отырғызылған сол бір жасыл желектерді сақтау болып тұр. Ал орман кодексін бұзған адамдарға қатал жаза қолданылатын болады. Егер де, кәсіпорын бір гектар орманға зиян келтірсе, компания екі гектар жерге ағаш отырғызып, оған он жыл бойы қарайтын болады. Ал жеке зиян келтірушілер үшін де жаза сондай, бір тал кессең, екі тал ек. Бүгінде экожүйені құру үшін жүздеген мамандар еңбектеніп жатыр. Олар бәрі де, бір ауыздан, Саябақты қаланы бірігіп жүріп тұрғызу қажеттігін айтады. Экологтар ынтымақтастыққа әрбір қала тұрғындарын шақырып, елорданың «жасыл картасына» әрқайсысының өз үлесін қосуға үндеуде.
|