
Ауыз су Бәрі де сонау 1998 жылдан басталып еді. «Астана» деп алып-ұшып келушілердің алғашқы легі көп уақыт өтпей-ақ, бұл қаладан көңілдері құлазып, қинала бастады. Әрине, көшіп келушілердің негізгі бөлігін құрайтын, жанға жайлы климат пен қызмет көрсетудің ең озық үлгілерін тұтынуға үйреніп қалған алматылықтар үшін бастапқы жылдардың қиын тигені рас. Қақаған бораны мен суық климаты, қызмет көрсетудің қай саласында болмасын төмен де жайсыз сервис деңгейі, демалыстың қарапайым индустриясы қай жағынан алсаң да, Алматымен салыстыруға тіпті де келмейді. Басқаның бәрін былай қойғанда келушілер үшін ең үлкен қиындық тудырған – ауыз су мәселесі болатын. Көк иіс пен балдырдың дәмі кетпейтін, бұлыңғыр тартқан, лас суға үйрену шын мәнінде бастапқыда адам төзгісіз еді. Әрине, қала белсенділері, Үкімет отырыстарының жиналыстары ма, Мәжілістің төрінде ме, тіпті дастархан басында да ауыз судың жыры таусылмай, дүркін-дүркін көтеріле беретін. Өз кезегінде қалалық сумен жабдықтаушылар да қарап жатпады. Өзен-су ресурстарына бай Жапония суды пайдаланудың ең тиімді тәсілдерін меңгерген ел ретінде мақтана алады. Сондықтан да күн шығыс елінің үлгісін пайдалану тиімді деп табылып, арнайы бағдарлама жасалды. Жапон үкіметінің 215 млн. доллар көлемінде бөлген грантын иеленіп, нәтижесінде қаламыздағы ауыз су мен оны пайдалануды дұрыс жолға қою мәселесі шешімін тапты. Ауыз су мәселесі тек бір бағытта ғана жүргізілген жоқ. Судың жоғары дәрежедегі тазалығына жету үшін су құбырлары жүйесінің кешенді бағдарламасы жасалып, бірнеше сүзгі станциялар салынды. Қаланы негізгі ауыз сумен қамтитын Вячеславск су қоймасының су жинау көлемі ұлғайып, ондағы судың тазалығын қамтамасыз ететін филтрлердің жұмыс қабілетін бақылау мен қадағалау ең негізгі мәселеге айналды. Айтылған ауыр сын мен ескертпелер де өз нәтижесін берді, көп уақыт өтпей-ақ, су құбырлары арқылы келетін сулар шын мәнінде тазарып, өңі өзгере бастады. Бүгінгі күні елорданың барлық су сүзгіш станциялары «цеолит» атты химиялық элементтің көмегі арқылы судың сапасы мен түсін жақсартуға мүмкіндік алды. Шынтуайтқа келгенде бұл қордаланған көп мәселенің бірі ғана. Сонау тың игеру жылдары мен кеңес дәуірінен қалған канализациялық құбырлар мен ауыз суды жеткізетін магистраль жүйелердің әбден ескіргені белгілі. Болат құбырлардың ең жоғарғы пайдалану мерзімі 10 жыл екенін ескерсек, қала су жүйесіндегі қиыншылықтардың беті ашылатыны рас. Қалада жыл сайын ішкі жүйедегі үзілген құбырлар бойынша 950-ге жуық жөндеулер жүзеге асырылады. Уақыты өткен, қолданыстан шығаруды күтіп тұрған осындай құбырлардың жайы негізгі мәселенің бірі. Үш жыл бұрын қабылданған бағдарламаға сәйкес, жыл сайын он шақты километрдегі жүйелер жаңартылады, одан кейін оң жағалаудағы бұрынғы үйлердің су құбырлары жолдарын жөндеу мен қала аумағына кіретін жаңа поселкелерге канализациялық құбырлар жүргізу мәселесі кезекте тұр. Қазіргі кезде жапондық үлгі бойынша 100 мың қала пәтерлеріне есептегіш құралдар орнатылды. Алдағы үш жылда мұндай есептегіштер әрбір үйге орнатылады. Есіл өзені мен Вячеславск жасанды су қоймасы қаланың негізгі су көзі саналады. 1969 жылы Мәскеу ғылыми-зерттеу институтының жобасы арқылы жүзеге асқан су қоймасынан келетін су жалпы ұзындығы 1000 шақырымдық, екі бөлікке бөлетін торап арқылы қалаға жеткізіледі. Қажет болған кезде Ертіс-Қарағанды каналы арқылы су тартатын құрамында екі сусорғыш станциясы бар қосымша су жинағын пайдалануға болады. Соңғы екі жылда Вячеславск су қоймасында су жинау 20 пайызға артты, бұл қаланың су тұтынуға деген сұранысы екі есеге артқанын айғақтайды. Қала пәтерлеріндегі су құбырыларынан әлі де болса қатты әрі дәмсіз су келеді Алайда бүгінгі күні қала ауыз суының сапасыздығы жайлы айтылған әңгімелердің бәрін бірдей рас деуге келмейді. Эпидемиологтар жүргізген зерттеулерге қарағанда, Астананың ауыз суы республика бойынша орташа деп белгіленген көрсеткіштерден 3 есе жоғары тұратын көрінеді. Олардың бұл пікірін, эксперттер де растаған. ПРООН есептері бойынша, қала тұрғындары құбыр арқылы келетін, сапа көрсеткіші бойынша ең жоғары баға алған таза суды тұтынады. Тұрғындардың төрттен бірі бөтелкелерде сатылатын ауыз суды тұтынатын болса да, тұрғындардың тең жартысы қазіргі ауыз су сапасына бәлендей арыз-шағым айтпайды. Бүгінгі күні «Астана су арнасы» Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны кең көлемді жұмыстарды жоспарлап отыр. Бұғанға дейін атқарылған істердің ауқымын «жеңіл» арсеналдар атқарса, ендігі кезекте «ауыр да көлемді» шаралар басталмақ. 2009 жылдан бастап, Вячеславск су қоймасына бастан-аяқ қайта жөндеу жүргізіліп, суына сынап араласып үлгерген Нұра өзенін тазарту шаралары іске асады. Қомақты қаржыны талап ететін мұндай жобаларға сумен жабдықтаушылар әзірден дайындық жұмыстарын жасап жатыр. Мамандар мұндай күрделі тазарту шараларынан кейін Астанадағы тұтынатын судың сапасы бұдан да жақсара түсетінін айтып, қуантады. Астананың өркендеуіне бүкіл әлем көз тігеді. Сондықтан да оның тұрмыс пен тіршілікке қатысты ірілі-ұсақты проблемалары тек өз еліміздің азаматтары үшін ғана емес, Қазақстанмен қандай да болсын байланыс орнатқысы келетін шетелдіктер үшін де аса маңызды.
|