Махамбет рухында жыр толғап, азатшылдар көтерілісіне үн қосқан, халықтың қайнаған шерін өңмен шерткен өткір тілді ерен жүйріктің бірі – Шернияз. Шернияз Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Жарыпшыққан бойын мекендеген кете елінен. Арғы атасы Байтілеу ауқатты болса да, өз әкесі шағын дәулетті, еті тірі ел ағасы болған.Шернияз жас шағынан ел өмірін, халық тұрмысын жақсы біліп, олардың мұң – мұқтажын жете түсінген. Ақын көтеріліс басталысымен бірден Орда жағына өтіп, Исатай мен Махамбетті өзі іздеп барып қосылады. 1836 жылы Шернияз Бөкей хандығына келіп, Исатайға жолығады. Ұзамай оның ең жақын достарының бірі болып алады. Көтеріліс күшпен басылғаннан кейін Шернияз Махамбетпен бірге Жайықтың шығыс бетіне өтіп, ел аралап үгіт жүргізеді. Махамбетеке еріп, Хиуаға да барады, бірақ көтерілісті қайтадан бастай алмайды, қуғын азабын тартады, Баймағамбеттің ел көзген жендеттері Шернияздың барарға жерін, басарға тауын қалдырмайды. Ұсталатынына көзі жеткен ақын өзі ақынға келіп, өнер асырып, оның кешірімін қабылдайды. Бірақ ол ешқашан өзінің Исатайдың Шерниязы екенін жасырмай, басына түскен жағдайға сай, сақтана жүріп қызмет етеді. Жұмбақтар шығарып , бүкпелей сөйлейді. «Махамбет батырдың Шернияз шешенге айтқан жұмбағы» 1925 жылы басылады. Баймағамбет Шерниязды өз сынынан өткізеді. Сүйінбекұлы Оразғалидың айтуынша, Шернияз 15 жасар шамасынан - ақ кішкене ділмар шері атанады. Сол он бес шамасында Шернияз адайдың атақты ақыны домбырашы Абылмен кездеседі. Абыл кіші жүз елін аралап жүріп, кете еліне келеді. Кейбір деректерге қарағанда, Шернияз 1817 жылы туып, 1881 жылы қайтыс болған. Ол Исатай Тайманов бастаған Кіші жүз қазақтарының көтерілісіне қатысқан. Исатай қазаға ұшырап, көтеріліске қатысқандар жазаға тартыла бастағаннан кейін, Шернияз Баймағамбет сұлтанның қудалауына түседі. Бас сауғалап лажсыздан Баймағамбетке бағынышты болып, онымен татуласса да, Исатаймен жолдас болған кезін аңсауын, қуғында жүрген Махамбет ақынмен кездесуін қоймаса керек. Қазақ әдебиетінде Шернияздың әкелген бір жаңалығы ертеден келе жатқан импровизация өнерін кемелдендіре, жетілдіре түсіп, оны өзіне қарсыласушылардың мін – кемістіктерін, оғаш мінездерін көрсетуге, әжуа етуге шебер пайдалануында демекпіз.Бұған үлгі ретінде, Шернияздың Баймағамбет төремен кездескендігі айтқандарын атаса жеткілікті. Сонымен бірге Шернияз он бір буынды қара өлеңді де кең қолданады. Шерниздың өлеңдері, көбінесе, ауызша тараған, шығармалары 1925 жылдан бері әр кезде жарияланып келді.
|