Главная | Регистрация | Вход
Қазақша рефераттар
Меню
ІЗДЕY
Теги

Главная » Статьи » Қазақ әдебиеті

Сәбит Досанов


«Сәлемнің де сәті бар» депті атам қазақ. Сол айтқандай, бұл өзі көптен көкейде жүрген ой еді, көппен кеңесудің орайы енді келді. Әдеби сынымыздың белсенділігі төмендеп кеткендіктен болар бірқатар жазушылардың бірқатар аса елеулі шығармалары елеусіз қалып келеді.
Соның бір дәлелі, көркемсөздің көрнекті шебері Сәбит Досановтың қырық жыл бұрын жарияланған, кейін бірнеше рет қайталанып жарық көрген, оны айтасыз Мәскеуде, Парижде, Ташкентте, Бішкекте, орыс, француз, өзбек, қырғыз, т.б. тілдерде жеке кітап болып шыққан «Аруана» атты повесі. Алыс, жақын шет елдердегі әдебиет білгірлері, атақты жазушы сыншылар аса жоғары бағалаған осы «Аруана» повесі қазақ әдеби сынында әлі күнге дейін өзінің әділ бағасын алған жоқ. Рас, Сәбит Досанов шығармашылығы туралы сөз еткенде, оның сан қырлы жазушы екені айғақтай айтылады. Ол әдебиеттің үш жанрында, көбінесе проза, поэзия, драма атты үш саласында бірдей қалам сілтеп келеді. Әдебиеттану ғылымының сын жанрынада да тер төгіп «Соңғы іздер», «Қазына», «Жүректің отын өшірме» атты сын жинақтарын шығарған. Қазақ әдебиеті тарихында әдебиеттің барлық жанрында шығармалар жазған бірінші адам Сәбит Мұқанов екен, содан кейінгі екінші жазушы осы өзіміздің кәдімгі Сәбит Досанов.
Сәбит шығармаларында қай жанр басым десек әрине прозалық шығармалары бірінші орында тұрары анық. Дегенмен, Сәбиттің ақындығы да осал емес. Ақынның ақындығы бір өлеңінен-ақ айқын байқалады дейтін қағидалы сөз бар. Сол сөзге жүгініп, Сәбиттің мына бір жыр жолдарын оқып көрелік:
Тағдыр неге маңдайымнан өппейді,
Есіл ерлер көз алдымнан кетпейді.
Халықты емес қарында ойлар қазаққа,
Абылай, Бұқар, Қабанбай баба жетпейді.
Бұл өмірден небір жайсаң өтпейді,
Кемеңгерлер көз алдымнан кетпейді,
Тірлігі көп, бірлігі жоқ қазаққа,
Төле, Қазыбек, Әйтеке би жетпейді.
... Ақылмандар көз алдымнан кетпейді,
Құр жылаумен көздің жасы кетпейді.
Бағаламасаң бағыланың мен барыңды,
Тарих бізге нұр-шұғыласын төкпейді!
Осынау өлең жолдарындағы ақынның айтар ойы оқырманын еріксіз елең еткізері анық. Және кім-кімнің де көкейіне қона кетерін, санаңа салмақ түсіретін азаматтық ой. Поэзиядағы азаматтық әуен, азаматтық, патриоттық үн дегеніміз міне осы. Шынында, тірлігі көп бірлігі жоқ қазаққа қазір атақты үш бірдей дана тұлғалар жетпей отырғаны, сондай кемеңгер көсем ақыл иелерін аңсап жүргеніміз ақиқат емес пе? Бұл ақынның көптің ойының дәл үстінен дөп түсіп айта білуі деген сөз. Жырдың ұйқастары да келісті топтасқан. Үш буынды, толымды, жарау аттай желісті ұйқаспен жазылған. Соңғы өлең төркінінді ақын бағыланыңды бағалай біл қазақ! Деп салмақты ой тастайды.
Ақын қазақ деген тірлігі көп, бірлігі жоқ халқы үшін, оның бүгіні мен болашағы үшін қам жеп, қатты қамығып жүреді.
Полигон - жүректегі жарам менің,
Аралым мен өзіңе алаң едім.
Қазағым енді қайтіп күн көрер деп,
Жүк түскен жүрегіне балаң едім.
Сол аздай дайындықсыз нарық келді,
Байлықты жылпозстарға алып берді.
Ғылым мен мәдениет жетімсіреп,Тағы бір тауқіметті алып келді, -деп қазіргі шындықты айтып күрсінеді.
Орыстың ұлы ақыны Некрасовтың: «Ақын болу өз еркің, бірақ азамат болу парыз-міндетің» деген тамаша қанатты сөзі бар. Бұл жазушы болсаң да, ақын болсаң да алдымен азамат болуың керек деген сөз.
Сәбиттің өлеңдерінен де, прозалық көркем шығармаларынан да, очерк-суреттемелерінен де Некрасов талап еткен азаматтық үн-әуен менмұндалып көрініп тұрады. Сәбиттің азаматтық позциясы айқын.
Халық қамын жеген ұлға азап көп,
Правдадан сөйледім мен қазақ боп.
Қаламымды қару етіп жұмсадым,
Тәуелсіздік алғанша елім азат бо,-деп ақын ағынан ақтарылады.Сәбит қалай Сәбит болды? Қалай танылды? Өз талантын жазушы - қаламгерлер ортасында қалай танытты, қалай мойындатты? дегенге келсек, жазушыларды, әдебиет сыншыларын жалт қаратқан оның «Аруана» повесі дер едік. Мен оны бір кезде, яғни бұдан қырық жыл бұрын оқырман есебінде оқып сүйсінген едім. Кеше оны сыншы көзімен қайта оқып шықтым. «Аруана» туралы соншама тамсана мадақтап жазғандардың берген аса жоғары бағаларының қаншалықты растығына көз жеткізгім келді.
Жазушылардың қаламынан әр тұста әрқалай туындылар туып жатады. Көркемдігі кемшін, оқиғалары жасандылау болып олқылықтар орын алатын кездері кездеседі. Ол күнәдан Сәбит те пәк емес. Бірақ «Аруана» повесі құйылған қорғасындай, салмақты, мінсіз шыққан шын мәнінде қоспасыз классикалық дәрежедегі шығарма екеніне толық көзім жетті.
Мен «Аруананы» Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә», Эрнес Хеменгуйдің атақты «Шал мен теңіз» атты шығармаларымен қатар қояр едім. Бұл тарихи, философиялық, психологиялық аса тартымды, көркемдігі де аса жоғары повесть. Шығарма қалмақ шапқыншылығына ұшырап, жау қолында тұтқында кеткен аруана інген, жас батыр Тауман мен қарындасы ару қыз Қазына және оның сүйген жігіті Қылышбайдың туған жер мен туған елді аңсап жау жерінен қашып шығуы, сол ауыр жолдағы қуғын-сүргін күрестерді тамаша суреттейді. Аруана-інген қуғыннан қашып, қамаған, талаған, қасқырлармен арпалысып, ақыры туған жерге, иесінің босағасына келіп жетіп, жан тапсырады. Қазына жауға жар болмайын деп қаза табады.
Тауман ғана.
Жүрекке сөзі дәру-дәрі болған,
Арулар елдің намыс ары болған.
Ауырады жүрегім қыздарды ойлап,
Шарасыздан жауының жары болған!
Көркем шығармаға қойылар басты талап оқиғаның тартымды, нанымды болуы ғана емес, көркем шығарма көркем, әсерлі шұрайлы тілмен жазылуы тиіс. Қазақ тілінің - ана тіліміздің керемет байлығы, образдылығы, бейнелігі көркем шығармадан көрініс табуы керек. Көркемдік кестедегі: эпизод, метафора, балау, теңеу, суреттеу, әсерлеу т.б. айшықты сөздер молынан қолданылып көктемгі қызғалдақты қырлардай көздің жауын алуы керек.
Сәбит - жазушының тілі аса бай. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтен бастап, орыс, татар, грузин т.б. ұлттардың оқырмандары, жазушылары, сыншылары Сәбиттің тіліне сүйсініп, тамсанып тамаша пікірлер жазған.
«Аруана» ақ өлеңмен жазылған поэма деп бағалаған. Шынында солай. Сәбит суреттеудің үздік шебері.
Ақын үшін, жазушы үшін мың мақтау сөзден өз шығармасынан бір ауыз өлең, бір үзінді оқып берсең, сол артық. Сол тұрғыдан келіп бірер үзінді оқылық.
«Аруананың әлде бір алыс сапарды аңсап алабұртқанына, міне, бүгін алтыншы тәулік. Қатыгез тағдыр жау жеріне еріксіз жетелеп әкелгелі аттай жетпіс күн өтіпті арада. Содан бері аруанаға бір тылсым күш күні-түні тыным бермейді. Көңіл алыс қалған өлкені аңсап, беймәлім бір түйсік тықыршытады. Сонан бері оның қап-қара, мөп-мөлдір, үлкен көз қарашығында туған жердің аспаны аунақшып, аққу қанатындай ақшарбы бұлттар жүзеді. Көз алдынан өзі туып өскен өлкенің көкшіл көлдері, көкторғын сағымы көлбейді. Алабота мен түйемойнақтың, жусан мен жантақтың, изеннің ашқылтым исі мұрынын жарады... Соның бәрі көңілін тербейді, жаудыраған жанарына сағыныш жасын оралтады. «Тәңірім-ау, төскейінде жайраңдап жүрген, тайраңдап шапқан шақтарда, білмеппін ғой мен бейбақ туған жердің қадірін» деген зерде сезім оның жатса-тұрса дұғасы» деп басталған шығарма қажет кезінде: «Аруана желмаядай желіп келеді, арманына еріп келеді. Арқа жоны күнге күйді, дала желі бетін сүйді...» деген ақ өлеңмен өрнектеледі. Шығарманың түйіні де тап-тұйнақтай. Бір ғана мысал:
«Тағдырдың тас қамалын талқан қып, туған жер төсіне жетіп жығылған аруананың көл-көсір көз жасын көргенде ел ішіндегі кейбір ездердің еркектігі есіне түсіп, жауда кеткен есесін ойлады, азапты кешіп, ажалмен кезіккен аруананың қайраты мен қайғысы әйелдердің де жігерін жаныды. Еңбектеген бала мен еңкейген қартқа дейін іштей ширығып, шымырқанды. Кеудесін кек кернеген ауыл адамдары дәл қазір таулы-таяғы қалмай атқа қонуға дайын еді.
Аруана әлі ағыл-тегіл жылап жатыр. Ол көкірек толы мұңын сөзбен емес, көзбен айтады. Тілсіз жануар жаудың жалғыз ботасынан тірідей айырған қатыгездігін, жат елдегі қайғысын, өзінің шеменде шерін, күйреген күйін, ажал алдындағы азасын, тартқан азабы мен тапқан арманын... жанардан аққан жаспен баяндайды. Елдік жолы, ерлік салты қасиетті туған жерді қастерлеу, сол үшін егер қажет болса, дозақ отына түсіп, қияметтің қыл көпірінен өту дейді ол».
Маған Сәбиттің «Аруанасына» айтылған көптеген мадақ пікірлердің ішінен ең қатты ұнағаны, ең әділ айтқаны грузин ақыны Мурман Джгубуряның сөзі болды. Ол былай дейді: «Аруананы қазақ мектептерінде оқытатын шығар. Бұл поэманы басқа да мектептерде оқыту керек. Өйткені мұның маңызы өте зор. Бұл - табиғат туралы, соғыс пен бейбітшілік туралы, жат жер мен туған жер туралы поэма, адамның жан дүниесінің кеңдігі туралы тамаша толғау. «Аруана» - асыл тас, бриллиант, ғажап поэма!
Міне бұл шындық сөз, әділ баға! Сәбит тірлігі көп, бірлігі жоқ қазақ жазушысы болмай, өзбек немесе грузин жазушысы болғанда «Аруана» баяғыда мектеп оқулықтарына енеді екен. Әлде де кеш емес, жоғары сынып әдебиет хрестоматиясына енгізу керек-ақ. Табиғатты, туған жерді, атамекенді сүюге баулитын, патриоттық сезімді туғызып тәрбиелейтін мұндай көркем туынды керек.

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Аслан (13.02.2011)
Просмотров: 1443

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]