Сәбит Дөнентайұлы 1894 жылы бұрынғы Семей губерниясы, Кереку уезі, Ақсу облысының төртінші ауылында (қазіргі Павлодар облысы, Ақсу ауданы, Құркөл ауылында) туған. Алғашқы білімді ел арасында Дөнен молда атанған, мұсылманша сауатты болған әкесінен алады. Анасынан жеті жасында жетім қалған Сәбит әке тәлім-тәрбиесінде болады. әкесі ауыл молдасынан хат танытып, білім алу жолын нұсқайды. 1907-1908 жылдары Маралдыдағы болыстық медреседе Троицкідегі Уазифа медресесін бітірген Нұрғали молдадан білімін ұштайды. Жәдитше оқытуды ұстанған Нұрғали молда Сәбиттің түрлі пәндерді (тарих, жаратылыстану) игеруіне, көркем әдебиеттермен танысуына ықпал етеді. Болыстық мектепті аяқтаған соң 1910-1911 жылдары Павлодарға жақын жердегі Мұхамедсадық медресесінде оқиды. Білімін жетілдіре жүріп әрі сол медреседе екі жылдай төте оқумен бала оқытады. 1912 жылы Павлодар қаласының жанындағы Қасым қажы Ертіспаевтың медресесінде ғылым-білімін тереңдетеді. Жәдитше білім алып, өзіндік ізденістерге бет бұрады. Қазақ, татар тілдеріндегі газет-журналдарды оқып («Айқап», «Қазақ», «Шора», «Уақыт»), көркем әдебиет үлгілерімен танысады. Қолы бос уақытында Павлодар қаласына барып орысша да оқиды. Оқу-білімге, ақындық өнерге деген ынта-жігері артып, ұлттық сөз өнерінің асыл үлгілерінен, Абай мұрасынан нәр алады. Шығыс, орыс-татар классикалық әдебиетінің шығармаларымен танысады. Ақындық танымы, эстетикалық талғамы ұшталып, алғашқы өлеңдерін жазады. Шығармалары «Айқап», «Қазақ» басылымдарында жарияланады. 1915 жылы С.Дөнентайұлының Уфа қаласында Қасым қажы Ертіспаевтың қаржылай көмегімен «Уақ-түйек» атты өлең жинағы жарық көреді. Ақын 1926 жылы 26мамырда «Қазақ тілі» газеті тілшілерінің слетіне қатысып, «Ауыл тілшілері және олардың алдағы міндеті» деген тақырыпта баяндама жасайды. 1929 жылы ҚазАПП ұйымына мүше болып қабылданып, Қазақстан жазушылар ұйымының Семейдегі облыстық бөлімшесіне басшылық етеді. Денсаулығының нашарлауына байланысты 1930 жылдың мамырында газеттен қол үзіп, Бесқарағай аулының орталығы Беген ауылында мұғалімдік қызметке кіріседі. 1931 жылы Семей қаласына қайта келіп, «Қазақ тілі» - «Жаңа ауыл» газетінде қызмет атқарады. Сәбит Дөнентайұлы 1933 жылы 23 жылы Семей қаласында ауырып қайтыс болды.
|