Алдында Алтайдың асқақ армандары қол бұлғап, өлең өлкесінде өзіндік өрнегімен танымал болған ақындарымыздың бірі - Ұлықбек Есдәулетов. Ол 1954 жылы Зайсан ауданының Үлкен-Қаратал ауылында туып, М.Горький атындағы қазақ орта мектебін бітірген. Біраз жылдар Шығыс Қазақстан облыстық "Коммунизм туы" (қазіргі "Дидар") газетінде қызмет істеді. 1977 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде, "Жазушы" баспасының поэзия редакциясында қызмет істеген. 1983-1985 жылдары М.Горький атындағы әдебиет институты жанындағы жоғарғы әдеби курсты оқып, бітірген. Ұлықбектің ең алғашқы өлеңдері Республикалық мерзімді баспаларда басылып көп ұзамай-ақ оның балауса жырлары кітаптан орын алды. 1974 жылы бір топ жас ақындардың "Қанат қақты" атты топтама жинағы шыққанда оған Ұ.Есдәулетовтің отыз шақты алғашқы өлеңдері кірген болатын. Бұл шығармалары жыр сүйер қауымның әділ бағасын алды да. Ұ.Есдәулетов "Жұлдыз жарығы" (Жазушы, 1977); "Алтайдың алтын тамыры" (Жазушы, 1979); "Ұлыстың ұлы күні" (Жазушы, 1982); "Ақ керуен" (Жазушы, 1985); "Жаратылыс" (Жазушы, 1989); "Жүректегі жарылыстар" (Жазушы, 1995) сынды өлеңдер жинағының авторы. Осының барлығы ақынның тыныссыз еңбегінің жемісін көрсетеді. Ұлықбектің "Жұлдыз жарығы" атты жинағы өзінің қайталанбас ерекшелігімен қүнды. Оның әр өлеңінен табиғаттың түрлі көріністеріне жан бітірген шеберлікті сезесіз. "Қайың", "Жаңбырлы таң", "Шығайықшы, тауға досым", сияқты өлеңдерінде де көздің жауын алар айшықты көріністер, сыршыл ырғақтар көп кездеседі. Осы жинақтағы көңіл-күй, махаббат лирикалары, асқақ әуенге толы өлеңдер оқушы жүрегіне жылы жол табуы анық. Ақынның өлеңдерінде туған жерге, кір жуып кіндік кескен елге, дархан далаға, байтақ Отанға деген оттай өршіл махаббаты тайға таңба басқандай айқын сезіледі, қуаныш құштарлығы байқалады. "Туған үйімнің терезесінен, Қазақстан даласы көрінеді. Аспанда ақша бұлт керіледі. Ақша бұлтқа жолдаған сәлемім деп, Ошағымның түтіні өріледі" - деп ақын жырлағандай әр адамның ошағының түтіні cөнбегені қандай тамаша. Бұл "Перзент парызы" жыры да азаматтық пафосқа, туған елге деген ыстық ықыласқа құрылған. 1986 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты- "Ақ керуен" жинағы Ұлықбекті жаңа бір қырынан танытты. Бұнда құбылыс қырларына жіті көз тігіп, өмір, болмыс жайларына бойлай ену бар. Тақырып молшылығынан, көркемдік объект шашырыңқылығынан көп ретте "зардап шеккен" ақын бұл тұста жинақылана, тереңдей түскен. Сондықтан оның бұрынғы кітаптарынан да танылған ақындық бір қыры - ойшылдыққа, философиялық астар беруге ұмтылуы дендеп, творчествосының мәнді бір ерекшелігі алдыңғы қатарға шыққан. Оны біз "Жапырақтар жыры", "Адамның кейбір кездері" циклінен байқаймыз.
|