Дүкенбай Досжан (09.09.1942) - Мемлекеттік сыйлықтың (1996), М.Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты (1987), Түркістан қаласының, әрі бірнеше ауданның Құрметті азаматы, Құрмет (2001), Парасат (2008) ордендерінің иегері. Алғашқы әңгімесі 15 жасында жарық көрген қаламгердің бұл күнде кітаптары әлемнің 20 тіліне аударылып, жалпы көлемі 3,7 миллион таралыммен басылып шыққан. Кітап палатасының Қазақстандағы «Оқырманы қисапсыз жазушы» куәлігін алған. Оның қаламынан 11 роман, 23 хикаят, 100-дің үстінде әңгіме туды. Дүкенбай Досжан 1959-1964 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМҰУ-ді үздік бітірген; 1963-1966 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» газетінің әдеби қызметкері; 1966-1975 жылдары Алматыдағы мемлекеттік «Жазушы» баспасында аға редактор, бөлім меңгерушісі; 1976-1984 жылдары ҚР Баспа комитетінде аға редактор, бөлім меңгерушісі; 1984-1991 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының әдеби кеңесшісі; 1992-1994 жылдары «Жалын» журналында проза редакторы; 1994-1996 жылдары ҚР Авторлық және аралас құқықтар жөніндегі агенттіктің бөлім бастығы; 1996-2002 жылдары ҚР Ұлттық банк мұражайының директоры болып істеді. 2002 жылдан Президенттік мәдениет орталығында - «Мәдени мұра», «Культурное наследие» журналының Бас редакторы. Күн сайын қаламға жүгіну мінезіне айналған. Дүкенбай Досжан «Отырар», «Фараби», «Жібек жолы» (1965-66) шығармалары арқылы «тарихи тақырыптың пионері» аталды. «Әл-Фараби» хикаяты ғұлама бабаның өмірін өзек еткен. Хикаят кезінде орыс, неміс, мадияр, ағылшын, монғол, украин, түрік тілдеріне аударылып, жеке жинақ болып басылып шықты. «Жібек жолы» романы - тарихи көркем пәлсапалық шығарма. Орыс, украин, неміс, мадияр, монғол, ағылшын, пұштын тілдеріне аударылып, жеке кітап болып шықты. Кітап желісі бойынша Ардақ Әмірқұлов «Отырардың күйреуі» атты екі бөлімді көркем фильм түсірді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алпыс жылдай жабулы архивіне алғаш енген Дүкенбай Досжан сот құжаттары желісімен «Абақты» (1992) дерекнама кітабын және 1986 жылғы желтоқсан қырғынының ізімен көркемделген «Алаң» (1993) романын жазды. Зерттеушілер Д. Досжан шығармашылығын үш салаға бөліп жазып жүр. Бірінші: көне ғасыр қойнауынан ер түрік рухын тірілткен 60-шы жылдар басындағы тарихи тақырыптағы - «Жібек жолы», «Отырар», «Фараби» шығармалары жатады. Екінші: бодандық бұғау мен шенеуніктер тепкісі зардабынан мінез экологиясына ұшыраған өмірзая ұрпақтар образдарының галереясы - «Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын», «Жолбарыстың сүрлеуі», «Кісі ақысы» кітабынан табылады. Үшінші: ғажайып адамдар ғұмырын көркем тілмен сөйлеткен сериялар тобына «Мұхтар жолы» (1988), «Абайдың рухы» (1994, 2008), «Алыптың азабы» (1997) деген кітаптары енеді. Дүкенбай Досжан дүниені суретпен, ешкімге ұқсамайтын бояу-белгімен көреді, тірі сөзбен сурет салады. Магиялық реализм тәсіліне жиі жүгінеді, ой ағынымен жазады, кейіпкердің жан әлемін сөйлетуге машық. 21 ғасырдың ғажайып кейіпкерлерін сомдап жүрген бірден-бір қаламгер. Тәуелсіздігіміздің тарихын көркем кестелеген «Ақ Орда» («Елорда» баспасы, 2005 жыл) романын оқырмандар жылы қабылдады. «Астананың бас архитекторы» деген деректі хикаяты «Роман-газета» (2007 жыл) басылымына жарыққа көріп, оқырман жүрегіне жол тартты. Қаламгер 1974 жылы «Зауал» (Трудный шаг) кітабы үшін «Молодая гвардия» баспасының «Қазіргі заманғы жақсы роман» сыйлығын иеленді. 1988 жылы Украинаның «Дінепро» баспасының «Жібек жолы» романы үшін «Тарихи тақырыптағы жақсы кітап» сыйлығын алды. Суреткердің есімі АҚШ «Әдебиет және өнер адамдары» энциклопедиясының 2-томына, «Ұлттық энциклопедияның» 3-томына, «Абай энциклопедиясына» енген. 1990 жылы Д.Досжанның 2 томдық таңдамалы шығармалары ақиық ақын Олжас Сүлейменовтың алғысөзімен, мемлекеттік тапсырыспен «Жазушы» баспасынан жарық көрді. 2002 жылы «Білім» баспасы облыстық кітапханалардың сұранысымен - меценаттар көмегімен - жазушының 13 томдық таңдамалы шығармаларын басып шығарды. Он үш томдықтың алғысөзін көрнекті сыншы Зейнолла Серікқалиев жазған. Қолжазбаны тұтастай қайта редакциялау, қалыптау, түсініктеме, баспалық аппаратын түзуді жазушы Жарылқасын Нұсқабаев іждаһатпен орындап шықты. Жазушының аталмыш шығармалары ағылшын, орыс, жапон, қытай, швед, чех, мадияр, монғол, украин, пұштын тіліндеріне аударылып басылды. Соңғы жылдары жазушының «Үш тағдыр» (2005); «Балалықпен тілдесу», «Диолог с детством» (2005, 1-2 том); «Жан тәтті» (2006, хикаяттар); «Жазмыштың формуласы» (2008, жеті хикаят); «Абайдың рухы» (2008, ғұмырнамалық-ойтолғау) кітаптары жарық көрді. Астанадағы «Фолиант» баспасы тақауда ашқан «Оқырманы қисапсыз жазушы» айдарымен «Терезенің жарығы» (2009) және орысша «Самый читаемый писатель» айдарымен «Когда я умирал» (2009) кітаптары А.Ким мен Г.Бельгердің аудармасымен көп таралыммен оқырмандар қолына тиді. Төрт томдық таңдамалы шығармалары Ә.Кекілбаевтің алғысөзімен «Өлке» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен басылып шығуда. Жазушы АҚШ-тың Гувер кітапханасы мен Ясная Полянадағы Толстой мұрағатшыларымен жиі хат жазысып тұрады. Тарихи тұлғалардан жинаған хаттар сақтаулы. Бай мұрағаттың иесі.
|