айтысты оқыту әдістері - Қазақ әдебиеті - Рефераты на казахском языке - REFIK - Все для учебы!
Главная | Регистрация | Вход
Қазақша рефераттар
Меню
ІЗДЕY
Теги

Главная » Статьи » Қазақ әдебиеті

айтысты оқыту әдістері


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ЕУРАЗИЯ ГУМАНИТАРЛЫҚ ИНСТИТУТЫ
ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ОРЫС ФИЛОЛОГИЯСЫ КАФЕДРАСЫ

КУРСТЫҚ ЖҰМЫС

АЙТЫСТЫ ОҚЫТУ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ

Орындаған: Назарова Ж.Ә.
Қабылдаған: Байтанасова Қ.М.

Астана 2012
ЖОСПАР

І. КІРІСПЕ ......................................................................................................

ІІ. НЕГІЗГІ БӨЛІМ .......................................................................................

1. Айтыстың зерттелу тарихы ..............................................................

2. Біржан – Сара айтысын оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері ...............

3. Сабақ талдамасы ............................................ .................................

ІІІ. ҚОРЫТЫНДЫ ......................................................................................

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі................................................................
3

6

6

12

18

27

29


Кіріспе

Біз осы зерттеу жұмысымызда қазақ халқының халықтық дәстүрінде сақталып келе жатқан ақындық сөз сайысы – айтыс өнерін мектеп оқушыларына қалай жеткізудің тиімді әдістерін түсіну мен түйсіну жолдарын қарастырамыз. Сол арқылы оқушының асқақ сезімін оятып, халықтық дәстүр арқылы тәрбиеге баулимыз.
Оқушыларға қазақтың ақындық, күйшілік тұрмыс-салт дәстүрлерін тереңірек оқытуды қамтамасыз ететін ғылыми-педагогикалық ізденістер жасау басты мақсатымыз болып табылады.
Оқушылардың ақындық айтыс өнеріне деген түсінігін молайту. Өнерге деген қызығушылығын арттыру арқылы олардың ұлттық танымын арттырудың педагогикалық жолдары көрсетіледі.
Айтыс өлеңдері – қазақ ауыз әдебиетіндегі ең мол жанрдың бірі. «Айтыс» деген атауы – айтысу, тартысу, дауласу немесе жарысу, сынасу мағынасында қолданылады. Бұрын үлкенді-кішілі кезінде шешендер айтысы болған. Ақындар айтысы өлеңмен айтыс. Анығында өлең жарысы, өнер жарысы есебінде қолданылады.
Ақындар айтысы – көпшілік алдында, тыңдаушы, сыншы жұрттың көз алдында туып, орындалады. Әнменен немесе әр ақынның арнаулы сарынымен домбырамен немесе т.б. музыкалық аспаппен айтылады. Ақындардың осылай кезектесіп, жауаптасатын суырып салма өлеңдері, екі жақты айтыс болады. Мұнда тыңдаушы жұрт құр естіп қана қоюшы емес, ол бір жағынан айтысушылардың сөздерін сынаушы, қорытушы болып отырады. Ақындардың бірі жеңіп, бірінің жеңілгеніне төрелік айтушы да сол жиынның өзі болады. Жарысқа түсуші ақындар тапқырлықпен, өнерпаздықпен кезек шабуыл жасап қақтығысулары арқылы тыңдаушыларын әр алуан дәрежеде қызықтырып, еліктіріп, неше түрлі құбылыс күйлерге салып отырады.
Қазақ ауыз әдебиетінде айтыс жанры есте жоқ ескі заманнан бері қарай созылып келген. Халық сүйген жанр болғандықтан, бұл жанр Қазақстанда кең өріс алып, мол жайылумен келді. Ең ескі айтыс түрлері қазақ фольклорында топ-топ болып, өзінше хормен айтылатын ескі салт өлеңдерінен басталып, содан бері келе жеке ақындар айтысына өрістеп, ауысқан тәрізді. Мезгілінде жазылып қалмағандықтан қазір біз XVI – XVII –XVIII ғасырлардың ақындар айтысын білмейміз, деректер жоқ. Бірақ сол ғасырларда да айтыстың мол болуы даусыз.
Жалпы бұл жанр жөнінде келешекте болатын көлемді, арнаулы зерттеулерде сол ескі дәуірлердегі айтыс ақындарының болсын және бергі белгілі, азды-көпті дерек бар, аттары анықталған, сақталған айтыс жанрлары бар ақындар жөнінде болсын істелетін ғылымдық үлкен істер бар. Ол, сол ақындардың өмірбаяны және қолдан келгенде, барлық айтыстардың туған жылдарын, орындарын, жағдайларын түгел мәлім ететін материалдар жиналып, жариялануы шарт. Содан айтыс жанрының көп қазынасы зерттеуші үшін мол материал толық құралған болады.
XVIII ғасырдың соңғы жарымынан бастап, ХІХ-ХХ ғасырдағы айтыстар және кеңес дәуіріндегі айтыстар жазылып алынған түрлерінің, үлгілері өздеріне қарағанда да қазақ фольклорының мол саласының бірі осы жанр екендігін танытады.
Шынында Жанақ, Сүйінбай, Көже, Түбек, Майкөт, Қабан, Құлмамбет, Жамбыл сияқты талай елдерге атақтары жайылған ақындарды алсақ, солардың өмір бойы қолданған негізгі ақындық жанр көбінесе айтыс екені білеміз. Бұлар ұзақ өмір жасаған ақындар болуымен қатар, барлығы да айтысқа ерте араласып, 15-16 жастарынан ақындық өнерлерін бастайды. Олардың ел жадында сақталып қалған ірі айтыстарынан басқа, әрбір қынаменде, ойын-сауық, айт пен тойда, ас мерекеде, тұстас ақынмен жас-желең, қыз-келіншектермен қақтығысып айтысқан үлкенді-кішілі, әзіл-күлкілі айтыстарында сан жоқ. Сол айтыстардың бәрінде шын ақындар бірінің айтқанын қайталаған емес.
Айтысқа түскен суырып салма ақын тегінде өлең таба алмағандықтан немесе ұйқас таба алмағандықтан жеңілмейді. Жеңілгенде ұтықты дәлелден атсырап, жүйеге жығылып, дау сөзінің логикалық жағынан ұтылып барып жеңіледі. Жеңуші жақ өзінің қарсы ақынына, бет бұруға, жалтаруға ерік бермей, өмірлік логикалық бір шындықтар табады. Дәлелдермен тұсап, тұқыртып буып тастайды. Ондай өмір шындығы дауласуға келтірмейтін, айқын, мықты дәлелдер құр шешендікпен, құр ұйқас сөздермен айтқанмен әлсіремейді, мұқамайды. Сондықтан көлденең тыңдаушы-сыншы жұрт та, жол білетін ақын өзі де, бұл тартыста жеңілгендікті айқын ұғынып, еріксіз тоқтайтын болады. Айтыс жанрын өз ерекшеліктерімен талдауда бұл жай да айрықша ескеріп өтетін, негізгі мәселенің бірі.


Айтыстың зерттелу тарихы

Айтыс – ғасырлар бойы еліміздің әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен, өмірімен біте қайнасып бірге жасап келе жатқан аса бай, төл жанр. Одан халқымыздың өмірге деген көзқарасы, танымы мен ойлау жүйесі, көркемдік талап-талғамы аңғарылады. Ол өзінің «Аттың жалы, атанның қомында» туған табиғи болмыс бітімімен ертеден-ақ ел тұрмысына етене араласып, сіңісті болып келген өнер. Айтысты қолма-қол тудырушы суырып салма ақындарды халық әр кез зор ілтипатпен қарсы алып, олардың әсерлі өлең, тартысты жырларының құдіретті де сиқырлы күшіне әулиедей сенетін болған. Айтысқа жиналған жұртшылық көптен күткен думанды мерекеге келгендей екі дай болып бөлініп, белгілі бір ұнатқан ақынның жеңіске жетуіне іштей тілеулес ниетте отырады. Сондағы әрбір тауып айтылған аталы сөз, ұтқыр жауаптарға олар ризашылық сезіммен қарап, өз ықылас, ынтасын білдіруге де ерікті. Мұндай ырықтан тыс әсер сезім көріністері айтыс тағдырын шешіп кететін кездері де бар. Осындай халық жүрегіне ертеден ұялаған айтыс өлеңдері өзінің өміршең және көпшілдік, көркемдік сипаттарымен әдебиетіміздегі тартымды да аса бай салаға айналған. Сол себепті академик-жазушымыз М.Әуезов осы аталған жанрдың мән-маңызы жөнінде: «Ауызша әдебиет ішінде айтыстан көп кездесетін өлең жоқ... Бұл өлеңдер өте көп, көптігі жұрттың бәріне мәлім... Бұдан айтыс сөз қазақ ескілігінде өте жанды, өте қызулы, бағалы сөз болғанында дау жоқ» деп, оның халық өміріндегі орнын аса жоғары бағалағаны мәлім.
Айтыс ең алғаш тұрмыс-салт жырлары – «Жар-жар» мен «Бәдік» өлеңдерінен бастау алып, өз дамуында сан қилы асу кезеңдерден өтіп кемелдене жетілді. Оның бастапқы үлгілері көпке ортақ, алғашқы жолдары екі жаққа бірдей жаттанды өлеңдерден тұрса, кейін өз жанынан шығарып айтатын суырып салмалық қасиетке ие болып отырды. Осы жырлар әуелде әртүрлі әдет-ғұрып, салт-дәстүрді орындау талаптарынан туған болса, келе-келе осы негізде талас-тартысы мол, қызуқанды жаңа түр – айтыс жанры туып қалыптасты. Ол ғасырлар бойғы өз дамуында қайымдасудың сан-алуан сатысынан өтіп, келелі де кесек ақындар айтысына келіп ұласты.
Айтыс түрік тектес елдерде ертеден бар екені аңғарылады. Бұған М.Қашқаридың «Диуани лұғат ат түрік» атты жинағындағы «Қыс пен Жаздың» айтысын, сондай-ақ Қожа Ахмет Иассауидың «Диуани хикметіндегі» «Дозақ пен Пейіштің» айтысын дәлел ретінде ала аламыз. Зерделей қарасақ, бұлардың айтыс табиғатына тән белгі-сипаттары мол. Мұның екеуінде де қырғи-қабақ, бітіспес бәсеке, аңдысу арқылы жеңуге деген құлшыныс пен дәлелге, аталы уәжге тоқталып, жеңілгенін ашып мойындаудың дәстүрлі кейбір көріністері бар. Осы жайттар айтыстың көшпелі түрік тектес елдерде ерте замандардан-ақ ірге теуіп, ел өмірінің әр саласын зерделеп, бейнелеп келгенін аңғартады. Қазақ халық әдебиетіндегі айтыс дәстүрінің туып, қалыптасу тәжірибесіне зер салсақ, біздегі осындай туындылардың айтыс жанрының әбден кемеліне келген тұста ерекше қарқынмен дамығанын көрсетеді. Бұған қарағанда, айтыс өнері осы шығармалар туған заманда да, одан бұрынғы кезеңдерде де ел өмірінен кең орын алғанға ұқсайды. Бұл пікірдің дұрыстығын Қытай елі деректері де құптап мақұлдайды. Шыңжандық қазақ тарихшысы Н. Мыңжани «Қазақтың көне тарихы» атты еңбегінде Қытайдың Тайпин Хиуаниуйжи» топтамасының «Түрік шежіресі» атты тарауындағы деректерге сүйеніп: «түріктер бие сүтінен жасалған қымызды ішіп қызып алған соң, ән шырғап бір-бірімен өлең айтысады... күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан біздегі ақындар айтысының мұнан мың жылдар бұрынғы Батыс түрік қағандығы дәуірінен бері келе жатқан дағдылы дәстүр екенін байқаймыз деп жазады.
Айтыс жанрының табиғи белгі-сипаттарын ашып саралағанда, оның ел дәстүрі мен соның кәсіп тіршілігіне, таным түсінігіне тікелей байланысты көрініс табатынын академик-ғалым М.О. Әуезов тап басып танып, ғылыми байсалдылықпен дәлелдеп берген еді. Ол кісі осыған орай: «Халық әдебиетінің өркендеп дәуірлеген шағы – халықтың шаруасы күйлі, үдере көшіп ен жайлап, сауық-сайран, мереке-қызықпен күнелткен көшпелі тұрмыста болған шақтарында болды. Егер халық көшпелі тұрмыстан қалып, отырықшы тұрмысқа айналса, отырықшы халықтың кәсібіне кіріп, еңбекпен күнелтіп, бос жүретін іссіздікті тастаса, бұрынғы ойын-той, сауық-сайран сиреп жоғала бастайды» - деп жазған еді. Мұндай басалқалы да ойлы пікірлерді кезінде ұлы ғалымымыз Шоқан да, күні кешегі ірі жазушымыз Сәкен де айтқан болатын. Ұлы Шоқанның: «Ашық аспан, кең сахарада туған қазақ ешқандай қосалқы оқу-білімсіз-ақ табиғат мәпелеуімен өсіп жетіледі. Осыған қарамастан қазақ халқының жазылмай буыннан буынға тек ауызекі тарайтын бірден бір тіл мұрасы: өз поэзиясы мен әдебиеттері бар... Қазақтың жалпы ауызекі жырлары тікелей дала көріністері мен жүйрік ат, сұлу қыз әсерінен туған, сондықтан қазақ үнемі осылардың төңірегінен айналшықтап кетпейді» - деп көрсетуі де жоғарыдағы ойымызды дәлелдейді.
Айтыс өзінің мазмұны мен сипаты жағынан тұрмыс-салт жырларымен терең үндесіп астасып отырады. Ол біздегі эпикалық, лиро-эпикалық жырларға түр беріп көркейтумен қатар, өзі де олардағы эпикалық әуенді бойына сіңіре білген. Сөйтіп өзге жанрларға елеулі ықпал әсер етіп келген айтыс өнері өзінің сол синкреттік сипаттары арқылы олармен ғасырлар бойы иық тіресе қатар дамып келеді.
Айтыс түйіні – шындық. Қандай жүйрік, тапқыр да алғыр ақын болса да, бетпе-бет бәсекеде айтылған шындықтан жалтарып кете алмаған.
Айтыс өлеңдерін жинап бастыруда, ол туралы салиқалы пікір айтушылардың алғашқы сапында Шоқан, Радлов, Ыбырай секілді зерттеушілер тұрды. Шоқан айтыстың саяси-әлеуметтік мәніне, сын мен мадаққа құрылатынына мән берсе, Радлов айтысты «қайым өлең деп жіктеп, халқымыздың ақынжанды, тапқыр-алғырлығына, шешендігіне таң қала сипаттайды. Ыбырай айтыстың көркем үлгілерін өзі құрастырған Хрестоматияға енгізіп, оның тәрбиелік мәніне зер салады.
Айтыстың кең жиналып том-том күйінде жинақ болып басылуы Кеңес үкіметі кезінде іске асқаны мәлім. Осы игілікті істі ұйымдастырып насихаттауға М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мұрындық болды. 1960 жылдардың бел ортасында Институт айтыс өлеңдерінің үш томдық жинағын жариялап, жүйелеп жіктеді, ғылыми түсініктер берді. Осы томдардың екі кітабы дәстүрлі айтысқа арналса, соңғы томы 1920-1957 жылдар арасындағы айтыс өлеңдерін қамтыды. 1970 жылдардан бастап Институт бұл жанрды түбегейлі зерттеуді қолға алып, жоспарға енгізді. Соның нәтижесінде айтыс жанрының табиғатын ашатын «Айтыстың даму жолдары» атты 10 баспа табақтық монографиялық еңбек жарық көрді. Зерттеу, жариялау жұмысының жалғасуы арқасында 1988 жылы осы институт қызметкерлері айтыстың бұрын баспа көрмеген үш томын дайындап баспаға берді. Аталған Институт бұл жұмысты әлі күнге дейін жалғастырып келеді.
Аса көрнекті ғалым Ахмет Байтұрсыновтың осы бағыттағы зерттеулерінде бұл жанрдың жазба әдебиетке ұласу жолдарына, яғни «алаңдық айтыс-тартысқа» ауысуына мүмкіндігі ерекше мол екеніне ерекше мән берген. Ахаң осы мәселеде: «Сөз өнерінің бұл түрі Европа тілінде тек «айтыс» мағынада емес, «айтыс-тартыс, арпалыс» мағынада ұғылады. Біздің қазақ европа әдебиетінен үлгі алмай, әдебиетін өз бетімен жетілдіргенде, қазақтың айтыс өлеңдері алаңға түсе-түсе барып, алаң айнасына айналып, айтыс-тартыс түрге түсетіні даусыз еді. Үлгіні өзге жұрттан алғандықтан, алаң әдебиеті бізде төтеннен шығып қалды» - деп жазған. Автор айтыс өлеңдерінің өзіндік белгі ерекшеліктері мен қайталанбас жанрлық сипатын сөз еткенде де, оның қара сөздегі әзілді сөз, ерегіспен байланыс бірлігін араластыра отырып, қазақтағы айтыстың тек өлеңмен ғана айтылатынына зер салды.
Айтыс өлеңдерінің шығу тегі мен оның жанрлық ерекшеліктерін ашып белгілеуде академик жазушыларымыз М.Әуезов пен С.Мұқановтың еңбектері аса зор. М.Әуезов айтыстың тұрмыс-салт жырларынан бастау алып жеке жанр болып қалыптасуына мән беріп, оның тартысты, қызуқанды драмалық белгілеріне зер салса, С.Мұқанов айтысты халық өміріндегі орны мен мәніне, көркемдік сипаттарына қарай талдап бағалайды. Бұл зерттеулерде біздегі айтыстың өзге елдердегі үлгілері мен ұқсастықтары да сараланып аталған жанрдың өзге де қайталанбас белгі сипаттарын талдау арқылы оның көшпелі өмірге байланысты суырып салма дәстүрі үлгісінде бізде биік белеске көтерілгенін ашуға зер салады. Негізінен айтыс туралы зерттеулерде айтыс жанрын жіктеп бөлуге де, жіктеп талдауға да елеулі орын берілген. Жіктеулері өзара үндес, ұқсас. Белгілі ғалым Қ.Жұмалиев те осыған ұқсас жіктеулер жасап, мысал іспеттес айтыстардың мәнін аша түсуге талаптанады. Ал, зерттеуші Б.Кенжебаев ірі де көркем айтыстарды өлеңмен жазылған роман деп бағаласа, Е.Ысмайылов кесек те келелі айтыстарды сюжетті роман деп бағалаған. Сондай-ақ М.Қаратаев, М.Дүйсенов, Р.Бердібай, Ә.Дербісалин, С.Қасқабасов, Н.Төреқұлов зерттеулерінде айтыс жанрының жаңа бір қырлары сөз болып байыпталады. Бұлардан өзгешелеу пікір айтқан зерттеуші Е.Тұрсынов айтыстың арғы шығу тегін көне дәуірдегі құдалық тұсында болатын әзіл-сықақ, жұмбақ айтысу рәсімдерімен байланыстырады: «Этнографиялық материалдарға қарағанда, ақындық айтыс өлең түріндегі айтыс болып бірден қалыптаспаған. Ақындық айтыстың өте қызықты, ұзақ тарихы бар. Құдалар айтысының қыз бен жігіт айтысымен түп-тамыры бір... Бұл екеуінің түп-тамыры қыз алысып, қыз берісу қатынастары бар рулардың адамдары арасындағы сөз жарыстыру салтында жатыр» - деп жазды.
Сонымен, айтыстың табиғи белгі-сипаттарын жинақтай келіп, оның мазмұндық жағынан төмендегіше жіктелетінін көреміз:
1. Әдет- ғұрып айтысы:
а) «Жар-жар»,
б) «Бәдік»
2. Қыз бен жігіт айтыстары
3. Қақтығысулар
4. Ақындар айтысы:
а) Ру айтысы,
б) Дін айтысы,
в) Жұмбақ айтысы,
г) Жазба айтыстар.
Айтыстарда талай жүйрік дүл-дүл ақындар өзінің білгір тапқырлығымен, шешендігімен суырылып шығып көзге түсті. Әрине, жаңа өмірдің талап-талғамы, міндет-мақсатына орай ақындарда бір сәт тосырқау да болмай қалған жоқ. Мұның ақыры алдын ала айтысушыларын біліп алып, онымен жазып айтысу әдеті пайда болды. Тіпті газетте жариялап, соны теледидардан оқып беру кең өріс алды. Бұл – айтысты дамытатын үрдіс емес, керісінше қалыпты дәстүрге жат бағыт берді. Осыған орай айтыстың қайта жандануына күдік білдірушілер саны көбейе түсті. Сол себепті М.Әуезов , Ғ.Мүсірепов, Е.Ысмаилов секілді кісілер 1961 жылы Қазақстан академиясы Әдебиет және өнер Институтының ұйымдастыруымен өткен айтысқа дәстүрлі суырып салма сипатына оралуға кеңес берді. Айтыс алғаш рет туған өз арнасына түсіп жаңа бағыт алды. Осыдан бастап кейінгі айтыс ақындарының жаңа легі өмірге келді. Бұл тұста, Манап, Әсімхан, Әбікен, Қалихан, Шолпан, Әселхан, Қонысбай, Надежда секілді ақындар көзге түссе, кейіннен мұзаррап, Кенен, Болман, Есдәулет, Көшен, Ғайып, Ілияс, Қайып, Шашубай секілді жүйріктер халық құрметіне бөленді. Ал, тәуелсіздік жылдардағы айтыста Мэлс, Мұхаметжан, Бекарыс, Айнұр, Әбілхайыр, Ақмарал, Аманжол т.б. мәдениетті де білімді майталман ақындардың жұлдызы жанып, аты әйгіленді.
Бүгінгі айтыс түрлі кезең, асулардан өтіп кемелденіп келеді. Мұның ұйымдастырушысы Жүрсін Ерманның еңбегі қай тұрғыдан алсақ та құптауға тұрарлық. Айтыс секілді халық бойындағы құдай берген телегей теңіз дарынды қадірлеп, оған арналып алқалы мәжілісті ұйымдастырулар өтіп жатыр.


Біржан – Сара айтысын оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері

Қазақ фольклорында даңқты болған, мол жайылған айтыстың бірі Біржан мен Сараның айтысы өзге көп айтыстардан ауыздан-ауызға көшіп жүруден басқа, бұл айтыс бірнеше рет кітап болып та басылды. Ақындық көркемдік, көлемділік жағынан қарағанда Біржан мен Сараның айтысы – қазақтың ауыз өнерінің үлкен мұрсы.
Біржан мен Сараның айтысы болған жоқ, болса сақталмай қалып қойған бұл айтысты шығарушы Әріп ақын деген де пікірлер бар. Бұл – қате пікір. Анығында Біржан мен Сараның айтысы болған. Бірақ дәл қалпында, толық күйінде, алғашқы айтысқан жердегі қалпымен түгел сақталған жоқ. Кейін көпшілікке өз реакциясымен айтып беруші Сара болады. Олай болса, ең әуелі бұл айтыстың көп көлемінде, мол еңбек етуші Сара болады. Ал, кейін сол Сараның айтқаны да көпке дейін ауызда жүреді. Көп айтушы ақындардың аузынан өтеді. Осылайша, хатқа түскенше бұл айтыс көп өзгерістер көреді. Осындай айтушының және ең алғаш хатқа түсірушінің бірі Әріп болады. Әріп өзі ақын және қазақша-орысша оқыған адам. Ақындығы, шешендігі, тапқыр тілділігі бар ірі ақынның бірі. Рефолюциядан бұрын баспаға беруші сол Әріп хатқа түсірген Біржан Сара айтысын бұлжытпастан, өзгертпестен береді.
Біржан мен Сара айтысының басқа айтыстардан өзгеше болатыны – мұнда белгілі бір тартыстар жеріне жете талданумен қатар талай ірі мәселенің іргесі қозғалады.
Айтыстың бас тақырыбы – әйел теңдігі, әйел бостандығы, ал соған жанасып, жарасып жатқан әлденеше салмақты, тың тақырыптар да бар. Бұл жағынан алғанда, айтыс толғамы кең, адамгершілік, жеке адамның тағдыры, бақ, ақындық әдет, салт, шаруа, кәсіптер, жер, қоныс сияқты мәселелердің бәрін де Біржан мен Сара сарапқа салады.
Айтыс – майдан, айтысқан ақындар майданның батырлары. Жеңу үшін қатты шабуылдар жасаса да мін емес. Сондықтан Біржан Сараға найзасын қатты сермейді. Әйтседе Біржан Сараның қара басын қорламайды. Біржанның балауынша Сара – осы тұстағы адамдардың артығы. Оны ел ұлға балап сөйлетіп отыр, сол бір ортанығ бұлбұлы – сөйлер сөзге жаннан артық «тыста тыңдап тұрған жан оның даусын фортепиян күйі деп ойларлық», «айбаты ғаламға айқын ай бедерлі», «Сара асыл, оны дүниеге сатуға болмайды».
Осы қасиеттердің барлығы бір Сараның басында болған соң, Біржанның үш жыл бойы ұдайы құмартуына таңырқауға болмайды. Алдына жан салмаған Біржанға Сараны да жеңу мұрат. Бірақ ол Сараны көруді, тілдесуді, сырласуды арман етіп келеді. Сараны жеңетін жағын ол ерте болжайды.
Он бір кісі жолдасып ертең түсте,
Біржанның қарық боларсың олжасына, –

деп алдын ала Сараны ықтырмақ болып, сескендіре сөйлеуге тырысады. «Ұлға балап сөйлеткенмен, Біржан өзіне сөзі теңдес, барабар деп айтқалы келе жатқанмен, Сара басы есекке қосақтаулы. Ол Жиенқұлдай өзінен кем адамға сатылып қойған. Жалпы қазақ әйелінің ауыр халі Сараның басында дерттей төніп тұр. Бұл күңдік, еріксіздіктен ол құтылмақ емес. Ендеше дәл осы жерден оның жеңілетіні даусыз.
Бірақ Біржан салған жерден Жиенқұлға жабыспайды. Әуелі Сарамен өнер жарыстырады. Өлер жерің осы ғой деп Біржан талай түйіліп келгенде, Сара тойтарып тастап, аспанға шарықтай береді. Он ақынды ескермеген Біржанның асқақ көңіліне Сара қадалған оқтай тиеді. Салмақтасып келгенде екі ақынның күш қарқыны қарайлас сияқты. Амал не, Жиенқұлға келгенде үні шықпаған Сара жеңіліп, Біржанға жолын ұсынады.
Тартыс майданы бітіп, жай жапсарды сөз қылған Біржан Сараның мүшкіл халіне налиды:
Шырағым, Сара, сендей тумас бала,
Шежіре туамысың мұндай дана.
Обалың Есімбек пен Тұрасбекке,
Жігітің жөндеу екен, ой, бишара!
Ел-жұртың қорықпайды екен көз жасыңнан,
Қиып кеткім келмейді мен қасыңнан,
Кемітер қай жеріңді дұшпан шіркін.
Адамзат озар емес өз басыңнан, –

деп Біржан өз ойларын түйе келіп бергені зор баға болады.
Теңдік есесіне ұзақ айтыстың бұл тұсынан Біржан надандықтың қара күш, қатал зорлығына сыншы би болып төрелік айтады.
... Законде зорлық болмас жақсы адамға,
Жақсыны қор қып болмас бір жаманға.
Және де аят пенен хадисте бар,
Жылатып берме деген еш наданға.
... Байлаулы бала құстай Сара сорлы,
Жоқ екен осы күні бұдан жаман, –

дейді.
Әйел теңдігін, жастардың бас бостандығын Біржан жиын алдына үлкен әлеуметтік талап етіп тартады. Бұл айтыстың түйіні осы болғанмен көп жерінде ру таласы да бар. Ол тұстарда екі ақын да рушылдық феодалдық санадан аса алмайды. Екеуі де руларын мақтау үстінде, сол заманғы үстеп тап өкілдері болған, зор әкімшілік, байлық иесі болған және халыққа көптен көп қанаушылық қысымшылық қиянат жасаған шонжар ру басыларды, әкім төрелерді көп мақтасып кетеді. Айтыстың бұл бұл бөлімдерінде Біржан – Сара айтысы ескі рушылдық-феодалдық санадан ұзап шыға алмайды.
Айтыстың егес, тартысы үстінде оқта-текте әкім жуандарға айтқан сын сөздерінен шығып Сара:
Ей, Біржан, шыдамаймын қылығыңа,
Мақтанба Құсбек, Сартай ұлығыңа.
Үстіне Жамантайды сомдап қоссаң,
Барақтың пар келмейді сынығына.
Ұстаған Тобықтыны дүре соғып.
Аққан қан ат суарған тұнығына, –

десе де, өзге көп жырларында екі ақын, өз руларының бай шонжарларын көпіртіп, көтеріп, сынсыз түрде тарихи шындыққа қарсы дәріптей береді.
Ру таласының тұсында Біржан қақпақылап отырып Сараның Найманға арналған мақтан сөзін түгел сарықтырады. Сөйтіп жүйеге жығатын жерін мықтап ұстайды. Найманның жақсы жайсаңдары Сара мақтағандай-ақ болсын. Бірақ солар бетке ұстаған Сараны теңіне бермей, есекке қосақтаса, олардың асқандығында не игілік бар. Найманның бар ұлығын қорғап, мақтап отырған Сараны осы тұста тұйыққа әкеліп қамағанда, қыз жүйден ұтылып тұрып қалады. Ақындық өнер, өлең жарысында тең түсіріп отырған Сара Біржанның жетелеуімен торға түсіп қалғанын байқамай да қалады. Біржан оны ақындық өнері асқандықпен жеңбейді, шебер, тәсіл асырумен жеңеді.
Баржан – Сара айтысындағы ерекше зор бір қасиет мұнда ақындық, көркемдік теңеулер күшті. Сол бейнесі мол көрікті шебер өрнектер Біржан мен Сараның өздерін бейнелеп сипаттауға, ақындық қуатты суреттеуге арналады. Сондай теңеу, бейнелеуді тізсек мынадай болып шығады.
Біржан – «орта жүздің сайраған бұлбұлы», «жер шаршысын болжаған майталман», «сөз бедері алтын менен күмістің нақысындай», жерге түспейтін мұзбалақ, ақиық», «алқымы ісіп, тынысы тарылмайтын арғымақ», «өлең жаттап ғаламға мәшһүр болған», «орта жүзді сандалтып әнмен қырған», «тоты құстай құбылады», «тұмарлаған жібек жалды арғымақ», «нөсерге өшпес жалын», «алмас кеспес болат», «аспандағы аққумен ән қосады», «қасқырдай таймас қанды көз», «Алтайдың мергені», «ақмарал құтылмайды», «әні он екі звот», «өлгенше есіңнен кетпейді», «Қырымға қарайтын қыран құс», «тұяғы тиген қасқыр оңбайтын ақиық», «алдына жүйрік түспес тұлпар», «Рүстем дастандай өнерпаз адам», «меңгеріп ала алмайды, қашан өлгенше, жүрген жері күнде той, күнде жиын болатын ел думаны».
... Сен дағы жас күніңнен ардагерсің,
Құрбың мен жеткізбеген құрдасыңа.
Бейне гормон даусындай көмейің бар,
Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына.

Сара – «бәйгеден күнде келген жалғыз қара», «адамның жүйрігі», «жел сөзге одан епті адам жоқ», «он үште домбыра алған екен, содан бері сүрінбеген», «шаршы топта Біржан әнді дуылдатып тұрғанда, жасқанбай далаға шыға келгенде, жиналған жүр таң қалып қарайды», «қыз болса да елі Біржанға балайды», «екі жүзді наркескен», «қамысты терең көлдің қаңғыған қаршығаға ілдірмес сұқсыры», «өлеңді Самарқан жібегіндей ағытады», «үйрек боп тереңге шошумен қатар, ақиық болып түлеп ұшқан, қарсыласқанның топшысын қанатымен сындырады», «сөз жезін алтындай қылып келістіреді», «шеберден мін алатын мініскер», «желді күні дуға салса,а ақын түгіл ұшқан құс та ілескісіз».
Өз бейнесін Сара былай сипаттайды:

Өз басым ұрғашының қызыл тілі,
Иранбақ бет бітісім піскен гүлі,
Біржан сал ажал айдап өзің келдің,
Іздеуге ойланып ем өткен жылы.
Майысып нәзік белім бұраң қаққан,
Қырық түрлі дана кеудем өнер тапқан,
Сөйлесем май тамызған бұлбұл тілім,
Секілді гауһар сағат нақыс жапқан.
Ажымсыз он саусағым бәрі аппақ,
Болғанда аузым сағат, ернім қақпақ.
Кірі жоқ отыз тісім меруерттей,
Ерінбей тіздіргендей адамзатқа-ақ.
Мойыным сұңғағындай жүзген қудың,
Лебізім шырынындай шәрбат судың.
Қаққанда төңкерілген қас бітімім,
Ашылған айбатындай жібек тудың.
Тамағым жас баланың білегіндей,
Иығым тік сандалдың тірегіндей.
Бет алдым қоңыр қаздың кеудесіндей,
Тал бойым жолбарыстың жүрегіндей.

Басында жамандасып, сөйлесіп-шекісіп барып, бірінің бірі затын тани келе ұғысқан, тоқтасқан Біржан мен Сара әр заманның сап алтындай асылы бар дейді. Олар айтысының түп мазмұны бойынша ақын әділдік, адамгершілік қорғаны, қамқоры болуы керек. Соның белгісі айтыстың басынан аяғына дейін ұзақ желідей болып созылған әйел теңдігі, бас бостандығы деген мүдде, арманға саяды. Бұл айтыстың , жоғарыда айтқандай салт саналық жағындағы ескішілдік, кемшілік, қайшылықтарымен «адамшылдық арың мынаған не үн қосады» дегендей әркімнің жанына батар осындай қоғамдық, тарихтық маңызы да бар.


Сабақ талдамасы

Сабақтың тақырыбы: Айтыстағы Біржан мен Сара сипаты
(«Біржан мен Сара» айтысы)
мақсаты: 1.Айтыстағы Біржан мен Сараның адамгершілік,
ақындық, әншілік қасиетін таныту, тіл шеберлігін
ұғындыру.
2. Өнерді құрметтеуге тәрбиелеу.
3. Оқушылардың белсенділіктерін,
шығармашылықтарын, өз ойын тұжырымды айта
білуге дамыту.
Сабақтың түрі: Дәстүрлі
әдіс-тәсілдері: Топтастыру, ойландыру, іздендіру, еркін жазу, сұрақ-жауап
пәнаралық байланыс: Тарих,музыка
көрнекілігі: плакат, маркер, сызба-кестелер
Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру бөлімі.
ІІ. Үй жұмысын тексеру. «Біржан-Сара» айтысы
1) Өмір-дерек. Біржан мен Сара өмірі
2) Біржан әндері. «Жанбота» әнінің шығу тарихы.
3) «Ұрланған шідер», «Ләйлім шырақ» әндерінің шығу тарихы.
4) Біржан әндері...
ІІІ. Жаңа сабақ. Айтыстағы Біржан мен Сара сипаты.
Сынып екі топқа бөлінеді:
Ұлдар- «Біржан» тобы. Қыздар-«Сара» тобы.
Құрлысы мен көркемдігі жағынан өз дәуірінде ақындар айтысы ішінде үздігі саналатын Біржан мен Сара айтысы. Бірі Арғын руы атынан шығып сөз таластырса, енді бірі Найман елінің намысын қорғап ақындық шабытын қосқан екі ақынның айтыстағы сипатын бүгінгі сабақта саралайық.
1. Өнер таластырған саңлақ ақын қыздың, шешен ділмар жігіттің дарынды айтысының негізгі тақырыбы қандай? Түрі жағынан қандай айтыс?
2. Айтыстағы Біржан мен Сара өзді-өзін қалай таныстырады?
3. Екі ақын да айтыста бір-бірін тамаша өнер иесі деп бағалайды. Өнер мен өнерпаздыққа бас иеді. Біржан Сараны, Сара Біржанды айтыста қалай бағалайды?
4. Айтыстағы өршілдік. «Менің өнеріммен сөз таластыра алмайсың»,- деген рух, асқақ сөз нөсері қай ақында басым. «Қысқартам адымыңды бір-ақ аттап ...» деп үрейлендіретін кім?
5. Біржан Орта жүздің бұлбұлымын деп қарсыласымен қаймықпай айтысса, әрі өнерің ұлдан артық екен деп жігер бере сөйлесе,Сара сөзінде де «Кестенің бізі сала алмас» соны өрнектер кездеседі Ол қандай өрнектер?
( Оқулықпен жұмыс)
6. Біржан айтыста өзін неге теңейді?

Ақ иық, мұзбалаққа
Бұлбұл
Аспандағы аққу
Біржан Бәйге атына
Кең қолтық, жібек жал арғымақ
Байпаң жорға
Қыранға

7.Сара айтыста өзін неге теңейді?
Ақ тұйғын
Тоты құс
Сара Ақ иық бұлбұл
Арғымақ
Наркескен

8.Біржаннан Сара не себептен жеңіледі? Біржан Сараны жеңгенімен, Сараға қандай қолдау көрсетті?
9.Айтыс мәтінінде қандай сөз образдары бар?
(Мәтінмен жұмыс, әдеби теориялық талдау)
Көрінсін Біржан салға ай секілді Кісі емес ел намысын ұққандай-ақ,
Ақ құйрық көңіл ашар шай секілді. Ербиер елсіз тауға шыққандай-ақ.
Ұсынса қол жетпейтін арғымағым Жиенқұл күжірейіп келер ме екен
Арғынға баламаймын тай секілді. Он мата арқасына тыққандай-ақ.
(Ирония –зілді кекесін-асыра мақтау) (Сарказм- ащы мысқыл)

10.Айтыс Әріп Тәңірбергеновтікі деген пікірге көзқарастарың қандай?

ІҮ. Үйге тапсырма: Ой толғау жазу
«Біржан» тобы – Біржан – азамат ақын
«Сара» тобы – Сара – үздік өнер иесі
Ү. Сабақты пысықтау: Топтастыру стратегиясы.

Біржан кім? Сара кім?
Атағы несімен қалды? Атағы несімен қалды?


ҮІ. Қорытынды.
Айтыс- өнерлілер жарысы. Айтыс- қазақ сөз өнерінің мектебі.Тарлан ақын-елдің еркесі. Олар қысылмаған, көңілдегісін бүкпеген, батыл,айқын айтқан. « Дүниеге бір сызат түсетін болса, ол ең алдымен ақын жүрегі арқылы өтеді» деген сөзді Гете көрегендікпен айтып өткен.

ҮІІ. Бағалау.


Сабақтың тақырыбы: Айтыс туралы жалпы түсінік.
Сабақтың мақсаты: білімділік- айтыс туралы ойларын тереңдету. Оқушыларды ізденімпаздылыққа, шығармашылыққа деген ынталарын арттырып, білімдерін кеңейту.
Дамытушылық- оқушылардың айтыс туралы білімдерін шығармашылыққа жинақтап, ойлау қабілеттері мен тіл байлықтарын молайту.
Тәрбиелік- оқушыларға айтыстың ерекшеліктерін таныта отырып, шешен сөйлей білуге, ізеттілікке, имандылыққа тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: өнеге сабақ

Сабақтың әдісі: іздендіру, баяндау, жинақтау, салыстыру, талдау,пікірлесу, ой қозғау.

Сабақтың көрнекілігі: қосымша оқулықтар, плакаттар, парақшалар

Сабақтың жүру барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі
Амандасу
Сабаққа қатысымын тексеру

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.
1. Шешендік сөз дегеніміз не?
2. Шешендік арнау, шешендік толғау дегенді қалай түсінесің?
3. Сол кезеңдегі би- шешендерден кімдерді білесің?

ІІІ. Жаңа сабақтың мазмұны.
1. Ой шақыру.
1. Ақындары айтысының өзіне тән ерекшеліктері
2. Айтыстың адам тәрбиелеудегі ролі
3. Айтыстың көркемдік ерекшелігі

2. «Венн» диограммасы . Бұрынғы айтыс және осы күнгі айтыстар

Бұрынғы айтыс Ұқсастығы Қазіргі айтыс



3. Парақшамен жұмыс
1. Айтыс жырларының көне түрі- бәдік айтысы туралы не білесің?
2. Салт айтысы неше түрге бөлінеді, қалай аталады?
3. Қазіргі айтыс ақындарынан кімдерді білесің?
4. Бұрынғы айтыс ақындары кімдер?

4. Инсерт.

Білетінім Үйренгенім Нені білгім келеді
Айтыс- қазақ сөз өнерінің үздік үлгісі, айтыс- сөз барымтасы, ұлттық өнер екенін Айтыстың бірнеше түрі бар: бәдік, жар- жар, жануарлар мен адамдар айтысы, өлі мен тірі айтысы, жұмбақ айтысы, салт айтысы, осы күнгі айтыстар Болашақта бұрынғы және қазіргі айтыс түрлерінің ерекшеліктерін, олардың айтыс шеберліктері мен тарихы туралы білгім келеді

5.Ой қозғау «Айтыс дегеніміз не?» (топтастыру әдісі)

Әр түрлі тақырыпты қамтиды Халық ауыз әдебиетінің бір түрі


Ұлттық өнер Екі ақынның өлеңмен
тартысы


Халық өмірінің көрінісі Өнер жарысы
Сөз сайысы

6. Сәккууэй. Бес жолдан тұратын қорытынды
1. Зат есім. Айтыс
2. Сын есім. Киелі өнер
3. Етістік. Айтысады
4. Сезіну. Айтыс- сөз барымтасы
5. Синоним. Ақындар айтысы- ұлттық өнер падишасы

ІҮ. Сабақты қорытындылау
Оқушыларды бағалау

Ү. Үйге тапсырма
1. «Айтыс – киелі өнер» тақырыбында шығарма жазу
2. Тақырыптың мазмұнын баяндау.
Бағалау.

Сабақтың тақырыбы: Қыз бен жігіт айтысы
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Айтыс өнері халық музыкасының түпкілікті тамыры екенін, адамды дүние тануға, оқушының ой-санасын өрістетіп, сөз қиялын тудыруға, ұтқырлыққа , сөз тапқыштыққа үйрету.
Дамытушылық: «Қыз бен жігіт айтысындағы» сөз өнерінің түрлері жөнінде мағлұмат беру, халық музыкасының, соның ішінде айтыс өнерінің ерекшелігіне көңіл бөлу. Оқушыларды суырып салма айтыс өнеріне баулу. Айтысты тыңдай отырып, оқушылапдың есту қабылдау, ойлау, ұйқастыру қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік: Оқушыларды халық өнеріне, соның ішінде айтыстағы әуеннің сұлулығына , әсемдікке, сөздік қорын молайтуға, сөз мәдениетіне, тәрбиелеу.
Сабақтың түрі. Аралас сабақ
Әдіс – тәсілдері: түсіндіру, баяндау.
Сабақтың көрнекілігі. «Қыз бен жігіт ауылы» әннің сөзі жазылған слайд, түрлі суреттер, Біржан сал портреттері, «Қыз бен жігіт айтысы» жазылған таспа.
Техникалық жабдықтар: компьютер, интерактивті тақта.
Сабақ жоспары:
1. Ұйымдастыру кезеңі.
2. Үй тапсырмасын тексеру.
3. Жаңа сабақ: а) Ой ашар. б) Топтастыру.
4. Жаңа сабақты бекіту
5. Қорытындылау
6. Бағалау
7. Үй тапсырмасын беру
Сабақ барысы:
1 .Ұйымдастыру кезеңі: а. Оқушылармен амандасу. б. Түгендеу.
2. Үй тапсырмасын сұрау.
1 .Айтыстың қандай түрлерін білесіңдер? (Қазақтың ауыз әдебиетінде айтыстың бірнеше түрі бар: Бәдік; Жар-жар; Жануарлар мен адамның айтысы; Өлі мен тірінің айтысы; Жұмбақ айтысы; Салт айтысы – қыз бен жігіттің айтысы; ақындар айтысы; Осы күнгі айтыстар).
2 .Бәдік айтыс дегеніміз не? (Малмен күн көріп, тіршілік еткен халыққа ең бір ауыр індет айналшық (айналма) деген мал ауруы болған. Сол аурудан құтылу амалы оның иесі – бәдікті үркітіп, көшіру керек. Ол үшін кешқұрым ауыл жастары жиналып, кеш өткізетін болған. Бәдікті сөзбен арбап, қорқытып, үркітіп, қашыру керек. Жастар екі жақ боп «бәдік» айтатын болған.)
3 .Суырып салмалықты қалай түсінесіңдер? (ақының бірден өз ойын кез – келген жерде ұйқаспен айту)
4 .Жар-жар айтысында не туралы айтылады? (қыздың өз елінен кетіп, басқа елге келін болып түсуі, жастардың шаңырақ көтеруі).
5 .Айтыстың мақсаты не? (өз ойын дұрыс жеткізуге,ойлау қабілетін дамыту, ұйқастыру, суырып салмалықты дамыту).
Жаңа сабақ:
Жаңа сабаққа байланысты кіріспе:
Сабақ тақтадағы қазақша киінген жігіттің суретін көрсете отырып, айтыскердің ұлттық киім киісі туралы сұрау.
Ой ашар. Қыз бен жігіттің суырып салма айтысын көрсету. Мұғалім ортаға өлеңмен екі оқушыны шақырады:
Айтыс деген халқымның ата салты, еркем-ай
Құрмет тұтқан айтысты қазақ халқы,еркем-ай
Сол дәстүрді дәл қазір жаңғыртайық, еркем-ай
Тез келіңдер ортаға, ал бастайық, еркем- ай
Оқушылар өнерін көрсетіп болған соң, мұғалім:
Сонымен айтысты доғарайық, еркем –ай
Рахмет айтып сендерге, қол соғайық, еркем-ай.
Топтастыру. Вен диаграммасы.
- Оқушылар, сендер қазір күйтаспа арқылы Қыз бен жігіт айтысысынан үзінді тыңдайсыздар. Осы кезде: айтыскер ақындардың кім екеніне, мазмұнына, сөзінің мәніне, ақындардың ұлттық киім киісіне, әннің әуені көңілді ме , көңілсіз бе, екпіні қандай екеніне назар аударып отырыңыздар.
Күйтаспа тыңдалып болған соң мұғалім оқушылардан жоғарыдағы тапсымалар бойынша жауап алады.
Сабақты қортындылау:
-Балалар, біз бүгін айтысқа қатыстық. Осы ұлттық салтымыздың қайта жандануына себебін тигізген біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігіміз. Биыл тәуелсіз ел болғанымызға неше жыл болды?
Жақында Астанамызда өткен «Абылай салған жолменен» деген тақырыпта айтыс болып өтті. Сол айтыста Сараның жолын қуған жас ақын қыз жаңа өздерің көрген Айнұр Тұрсынбайқызы да бар еді. Сол қыздың жеңісіне неге қуанбасқа? Осы апаларың әр айтыста қатарынан 8 темір тұлпарды мінген сұнқар ақынымыз. Сендер де бүгінгі сабақта жақсы жұмыс істедіңдер, енді сый сандығымызды сұрақтар бойынша сабағымызды қортындылап, соған сай бағалау сыйлығын алайық әрбір сыйлыққа сұрақ жазылған карточка бекітіледі.
-Айтыс атауы қандай сөзден шыққан?
-Қазіргі кездегі айтыстарда шығып жүрген қыз бен жігіттерді ата?
-Ақын Сара туралы не білесің?
-Ақын Біржан туралы не білесің?
-Өзің білетін айтыс ақындарын ата?
-Қыз бен жігіт айтысының мақсаты не үйретеді?
Үй тапсырмасы :
Қыз бен жігіт айтысын оқып үйрену.


Қорытынды

Жұмысымызды қорыта келсек, қазақ әдебиетін оқытуда мектеп оқушыларына халық ауыз әдебиетінің «Айтыс» жанрын оқыту арқылы оқушыны шешендікке, тапқырлыққа баулимыз. Жастардың айтысты талғампаздықпен түйсіну, эстетикалық тұрғыдан қабылдау қабілетін дамыта аламыз.
«Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жасалып, онда білім беру жүйесін ақпараттандыра отырып, білім берудің сапасын анықтаудың ұлттық жүйесі тәрізді мәселелер қарастырылды. Осыған орай біз айтысты оқытуда ақпараттандыра отырып оқушы санасына айтыс туралы көптеген мәліметтер беруге болады. Айтысты ақпараттандыра отырып оқыту – оқушылардың сөз мәдениетінің, тіл талғамының орнығуына әсерін тигізеді. Қазіргі таңда білім беретін мектептің алдында әдебиеттің, көркем өнердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, оқушылар бойында әсемдікті сезе білетін, өнер шығармаларын дұрыс қабылдап түсіне, түйсіне білетін, бойында ұлттық Отаншылдық рухы мықты жаңа ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр.
Тәрбие – адамзат баласымен бірге жасасып келе жатқан процесс. Әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәрбиесі болады десек, біздің, қазақ халқына тән өзіндік ұлттық нақыштарды көптеп кездестіре аламыз. Ол музыка тұрмыс-салт әндерінен, айтыс өнерімен халықтың салт-дәстүрінен, кәсібінен, қолөнерінен, ұлттық тағамынан, киімінен т.б. көрініс табады. Жас ұрпақты тәрбиелеудегі өнердің алатын орны ерекше.
Айтыс өнерi сан ғасырлардан берi бiрде дамып, бiрде тоқырап, халқымен бiте қайнасып талай өткелектерден өтсе де, жойылмай келе жатқан поэзиялық жанр екенi белгiлi. Айтыс үстiнде әр ақын өз елiнiң (жерiнiң) намысын қорғайды, табыстарын мақтан ететіндігін оқушыларға түсіндіріп, өздері де «болмаса да ұқсап бағуға» тырысуға тәрбиелеу керек. Көбiне ақындар ел атынан сөйлеп отырған. Айтыс арқылы біз балаларды «адамның баласы» болуға тәрбиелей аламыз. Халықтың атынан сөйлеуге үйретеміз.
Айтыс – дүние жүзiндегi басқа ешбiр халықта жоқ, өнердi тамашалауға жиналған жұртшылықтың делебесiн қоздыратын, ұлттың намысын қайраққа салатын, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленген, қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Айтысқа қатысатын екi ақынның да артында арқа сүйер iргелi елi бар, сондықтан айтыскер ақындар ешкiмнен қорғаламай (жасқанбай), халықтың айтар сөзiн айшықты өлең жолдарымен өрнектеп, ел жақсыларының даңқын ақсақтатып, қалың бұқараның аузында жүрген шырқыраған шындықты дүйiм жұрттың алдында ашық жайып салып отырған. “Хан” демей, “Қара” демей, елге тiзесiн батырған озбырлардың қылықтарын әшкерелеп, өткiр сынның тезiне салған. Қанша жерден жек көргенмен, ешбiр билеушi айтыскер ақындардың ауызына қақпақ қоя алмаған. Айтыс өнерiнiң өмiршеңдiгi де осында жатса керек.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Жұмажанова Т.Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі. – Алматы: Білім, 2009.
2. Байтанасова Қ.М., Айтуғанова С.Ш. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі. Оқу құралы. – Астана: Фолиант, 2008.
3. Ақшолақов Т., Жұмажанова Т., Қалиев С., Дүйсебаев С. Қазақ әдебиеті: жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 2005.
4. Ақшолақов Т., Жұмажанова Т., Қалиев С., Дүйсебаев С. Қазақ әдебиетi. Әдiстемелiк нұсқау. – Алматы: «Мектеп», 2005.
5. Асыл Ұ, Жұмажанова Т., Бейсенбаев Ғ. Қазақ әдебиетi. Хрестоматия. – Алматы: «Мектеп», 2005.
6. Ғабдуллин М., Ысқақов Б. Халық ауыз әдебиеті. Оқу құралы. – Алматы, «Мектеп» баспасы, 1974.
7. Әуезов М. Әдебиет туралы. О литературе. Оқу құралы. – Алматы, «Санат», 1997.
8. Көкейтесті әдебиеттану.3 кітап. / Құрастырып, баспаға әзірлеген ҚР ҰҒА қорреспондент мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ғылымға еңбек сіңірген қайраткер, профессор Р.Н. Нұрғали. Астана, Күлтегін, 2003.
9. Құсманова К. «Біржан-Сара айтысының» тілдік ерекшеліктері: Канд. дис. автореф. – Алматы, 1999.
10. Қирабаев С. Айтыс – асыл қазына // Егемен Қазақстан. – 2003. 18 наурыз.
11. Мұқанов С., Ысмаилов Е., Ғабдуллин М., Қаратаев М.,
Нұрмағамбетова О., Айтыс. І том, Алматы, «Жазушы», 1965ж.
12. Мұқанов С., Ысмаилов Е., Ғабдуллин М., Қаратаев М.,
Нұрмағамбетова О., Айтыс. ІІІ том, Алматы, «Жазушы», 1965ж.
13. Жүрсін Ерман, Екі тізгін бір шылбыр. – Алматы: Атамұра, 2008.
14. Сейдеханов Қ., Қаһарлы сөз қамал бұзады. Алматы: Ғылым, 1995.

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: (21.04.2012)
Просмотров: 15908

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]